Қорқыт ата

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Қорқыт (VIII-IX ғғ.) – оғыз-қыпшақ тайпаларының ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел данасы.

Оның өмірде болғаны Сыр бойы мен Сарыарқа алабында ғұмыр кешкені, нақтылы тарихи тұлға екені бүгінгі күнге дейін жинақталған ғылыми деректер бойынша күмән қалдырмайды. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қай (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, анасы жағынан қалың қыпшақ нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қара (Қара-қожа) деген кісі болса керек.

Қорқыт оғыз бен қыпшаққа бірдей басалқылық жасаған кемеңгер. «Қорқыт батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды», – дейді В.В. Бартольд.

Бұл тұжырымды Қорқыттан жетті дейтін мынандай нақыл сөздер орнықтыра түседі: «Қара есектің басына жүген таққанмен, тұлпар болмас, күңге сары пай шапан жапқанмен, бәйбіше болмас», «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан өнеге алмаған ұл жаман», «Ата даңқын шығарып өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді», «Өтірік сөз өрге баспайды» (профессор Ә.Қоңыратбаевтың аудармасы).

Қорқыт туралы бірден-бір жазба дерек болып табылатын «Қорқыт ата кітабы» былай басталады: «Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңір зердесіне салған соң оның барлық болжамдары қатесіз болған...оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын іс болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған. Ел оның барлық өсиетін (билігін) бұлжытпай орындаған».

Яғни, Қорқыт ата оғыз-қыпшақ ортасындағы саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде жол көрсетуші бас тұлға. Ол ел ішіндегі жөн-жоралғыны, салт-дәстүрді реттеуші батагөй дана. Халықтың сыртқы жаудан, ішкі даудан аман болуын қадағалаушы ақылгөй. Дүйім жұрттың көш-қонын, мекен тұрағын, ен-таңбасын, ұран-ұжымын белгілеп отыратын білгір.

Қорқыт туралы ең алғашқы хатқа түскен айғақ «Қорқыт ата кітабы» болса, мұның өзі ХV ғасырда жазылған. Бұл кітаптың әзірше екі нұсқасы белгілі. Бірі – 12 тараудан тұратын Дрезден нұсқасы, екіншісі – 6 тараудан тұратын Ватикан нұсқасы. Бұл еңбектер оғыздардың ата жұртында жазылмаған, әр тарапқа шашыраған оғыз ұрпағының есінде қалған естелік іспеттес.

Бұл орайда Қорқыт туралы аңыз-әңгіме түрінде жеткен, заттық айғақ түрінде (мола) жеткен, күй түрінде жеткен және топоним түрінде жеткен ең мол дерек оғыздардың ата жұртында сақталған. В.В. Бартольд пен В.М. Жирмунский сияқты білікті ғалымдардың «Қорқытты қадірлеудің Сырдария өңірінде мың жылдық өнегесі бар» деуі сондықтан. Орта Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін терең білген Әлішер Науаи (1441-1501 жж.) әулиелер өмірбаяны туралы жинақты («Нафахат ал-унс») аудару барысында Қорқыт туралы арнайы тоқталмаса да болатынын айта келіп, «Себебі, бұл кісі түркі халықтарының арасында тым әйгілі, тәптіштеп сөз қосуды талап етпейді» дейді. Қорқыт туралы аңыз-әңгімелерді жинап, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі фольклоршы Ә. Диваев алғаш рет Қорқыт бейітінің фотоға түсуіне тікелей ықпал еткен. Сырдария суына шайылып кететін болған соң, орынын ауыстырып жерлеген Қорқыт басында қазір ескеткіш белгі бар.

Қорқыт қазақ үшін ең алдымен күй атасы. Қобызды күй шалу дәстүрін алғаш орындаушы. Қобызын серік етіп, ел қамы мен халық тағдырын болжайтын көріпкел бақсы түрік халықтарының ішінде Қорқыт күйлерін сақтап, бүгінгі күнге жеткізе алған бірден-бір қазақ болып отыр.

Қазақ арасында Қорқыт өміріне қатысты аңыз-әңгіменің басым көпшілігі күймен көмкеріліп, күймен сабақтасып отырады. Ел ішінде «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қоңырау», «Тәңір күй», «Қорқыттың елмен қоштасуы» деп келетін қобыз күйлері, байырғы сарындар күні бүгінге дейін таратылады.

Дереккөз:   М. Жолдасбекұлы, Қ. Салғарұлы, А. Сейдімбек. Ел тұтқа. - Астана: KUL TEGIN. - 2009. – 43 б.

 

 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# akerke 2016-01-27 12:46
Қоқыт атаға неше түрлі күй жазғанына ырзамын
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Zibowa 2016-01-27 12:46
Коркыт Ата омiр сурген Сыр онiрiнде туратыныма куаныштымын!
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Фемида 2016-01-27 12:46
Қорқыт атаның нақыл сөздерінде тәрбиелік құнары мол қанатты сөздері көп-ақ
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Гульзат 2016-01-27 12:45
маган бул акпараттардын коп комегі тиді көп-көп рахмет!!!!!!!
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# гульнур 2016-01-27 12:45
неге аңыздарының бірн де жазбаған маған аңыздар керек еді
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Перизат 2016-01-27 12:45
Қорқыт ата кітабы туралы да бір-екі ауыз деректер келтірсе, тамаша болар еді!
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# SaIuKa* 2016-01-27 12:44
Magan bul akparattardn kop komegy tidi! szderge kop-kop raxmet!!! jane Koskyt ata omr surgen onrde omr suretnyme kuanwtymn!
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# нұрбек 2016-01-27 12:44
күшті, бірақ жырлары жоқ екен
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Еркебулан 2016-01-27 12:43
Маган коркут атанун накрыл создери унайды
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Гульбану бахытбек 2016-01-27 12:43
Сыр -өңірі Қорқыт атаны мақтан тұтады.
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Дәурен Қабдікенов 2016-01-27 12:43
Кейбір деректер нақты емес тек аңыз, халық ауыз әдебиеті
бойынша тараған
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Сайлибаев Алмат 2016-01-27 12:42
Қорқыт жас күнінде қол бастаған батыр болған. Үш ханның тұсында өмір сүрген. Олардың ақыл-кеңесшісі, уәзірі болып қызмет атқарған.
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту