Қадыр Мырза Әли

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Қадыр Мырза Әли – 1935 жылдың 5 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының, Жымпиты ауданында дүниеге келген. Ұлы ақын, Қазақстанның Халық жазушысы атағы (1995), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1980). ҚазМУ–дің филология факультетін бітірген. 1958-1993 жылдары «Балдырған» журналында әдеби қызметкер, «Жұлдыз» журналында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, «Жазушы» баспасында поэзия редакциясының меңгерушісі, Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы қызметтерін атқарды.

   Қадыр Мырза Әлидің алғашқы өлеңі 1954 жылы «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналында жарияланған. Тұңғыш шығармалар жинағы «Көктем» 1959 жылы жарық көрді. Оның «Жаңғалақтар» (1960), «Кішкене Қожанасырлар» (1961), «Данышпан» (1961), «Ноян қоян» (1962), «Алуан палуан» (1963), «Сабақ» (1964) атты кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосқан елеулі үлесі болды. Ақын «Ой арманы» (1965), «Дала дидары» (1966), «Ақ отау» (1968), «Домбыра» (1971), «Көш» (1973), «Жерұйық» (1976), «Алақан» (1977), «Қорамсақ» (1980, 1981), «Қызыл кітап» (1983), «Күміс қоңырау» (1970-1985) жыр жинақтарында нәзік лирикалық сезімді терең философиялық ой-толғаныстарымен шебер ұштастырған. «Мәңгі майдан» (1993), «Биік баспалдақ» (1993), «Үкілі үзінділер» (1996), «Ғибратнама» (2001), «Алаштың арманы» (2001), «Жазмыш» (2001), « Еңіреп өткен ерлер-ай» (2001), «Иірім» (2004), «Шырғалаң» (2004), «Алмас жерде қалмас» (2004) т.б. қырықтан астам кітаптар мен балаларға арналған топтамалардың авторы.

Әдеби - сын кітаптарында халықтың өткені мен бүгінгісіне, ғасырлар бойғы арман - мүддесіне, мәдениет пен әдебиеттің даму сатыларына ой жүгіртіп, замандастарының тыныс-тіршілігіне үңілген. Оның 200- дей өлеңіне ән жазылып, «Күндер-ай» деген атпен жеке жинақ болып 1984 жылы жарық көрді.

Драматургия саласында Алдар көсе туралы «Сақалдың саудасы» атты сатиралық комедия мен Махамбеттің соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты драмасын жазды. Соңғы шығармасы үшін М. Өтемісұлы атындағы сыйлыққа ие болды (1997). Оның шығармалары әлем әдебиетінің озық үлгілерімен үндес келіп, философиялық-дидактикалық дәстүрді дамыта жырлаған өзіндік өрнегімен танылды.

Ақын өлеңдері ағылшын, француз, неміс, болгар, венгр, фин тілдеріне аударылған. Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьинный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхняя струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижняя струна домбры» (1985), т.б.кітаптары жарық көрсе, өзбек тілінде «Күміс коңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), әзірбайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері басылды. Аударма саласында М. Овидий, Руми, В. Гюго, Г. Гейне, М. Лермонтов, С. Есенин, Я. Райнис, Л. Родари, Р. Ғамзатов, Э. Межелайтис, К. Кулиев өлеңдерін, Ш. Петефи мен О. Сүлейменовтің («Атамекен») жыр жинақтарын қазақ тіліне аударған.

 

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту