Ғабиден Мұстафин

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысының Тельман ауданына қарасты қазақ ауылында мінер ат, ішер асқа зәрулігі жоқ күйлі отбасыңда туған. Әкесі Мұстафа қажы мұсылмандық жолын мықты ұстанған, молдалығы да айтарлықтай, сонысымен ауылына ғана емес, аймағына да беделді кісі болыпты. Әкесінен имандылық тәлім, ауыл молдасынан мұсылмандық дәріс алған сара көкірек бала Ғабиден бұл жағынан бірталай білім, түсінік жинаған. Арабша хат танып, судыратып кітап оқи алатын болады. Бірақ бұл кез қазақ арасында жаңа үлгідегі мектепте оқьш, пән негіздерін үйренуге деген беталыс басталған заман-тын. Сондай себеппен 14 жасар Ғабиден де Спасск зауытына барып, бір жыл орысша оқып, содан кейін орысша-қазақша мектептің 4-сыныбына түседі де, оны 1918 жылы бітіріп шығады. Одан ары оқуға мүмкіндігі болмаған ол 1918—1925 жылдарда ауылдағы кеңес жұмысына қатысады. 1925 жылы оқу іздеп, сол кездегі астана — Қызылордаға келеді, бірақ оқуға түсе алмай, жоғарғы сотқа қызметке орналасады. Осыған дейін талай көріп, сан өткелектен өткен ойлы да сезімтал жас сол бір күрделі дәуірден алған әсерлерін, өз көзімен көріп, басынан кешкендерін суреттеп жазуға талпынады. Газеттерге хабар, очерк, фельетондар жаза жүре, біртіндеп көркем шығарма да жазьш байқайды. 1929 жылы "Ер Шойын" деген атпен тұңғыш әңгімелер жинағы жарық көреді. Бірақ өзінің жазушылық мүмкіндіктеріне әлі де жете көз жеткізе қоймаған ол, "өмір сабағын" алу мақсатымен 1930 жылы Қарағандыға келіп, кейін өзі "шахта дегендері— бір кұдық" деп еске алатын кәсіпорынға қара жұмысқа орналасады: үш жыл шахтёр, слесарь, токарь больш істейді. 1933 жылы "Қарағанды пролетариаты" газетінде бір жыл, одан соң Новосибирьде қазақ тілінде шығатын "Қызыл ту" газетінде 1938 жылға дейін (жабылғанша) істейді. Сонымен, 1938 жылы, жазушылықтан 10 жылдай қол үзіп кеткеннен кейін, Алматыға келеді. Жазуға қайта ден қойып, қаламгерлік ортаға жақындасады. Өзі жақсы білетін Қарағанды кеншілерінің өмірінен 1939 жылы "Өмір мен өлім" атты роман жазып, ол 1940 жылы жарық көреді. "Әдебиет майданы" (қазіргі "Жұлдыз") журналына алғашында әдеби қызметкер больш орналасып, ақыры бас редакторлыққа жоғарылап, 1948 жылға дейін он жылға жуық қызмет атқарады. 40-жылдары жазушының шығармашылығындағы айтарлықтай табысты кезең болады: тарыдан мол өнім алу жөнінен бірнеше дүркін дүниежүзілік рекорд жасаған әйгілі диқан Шығанақ Берсиев өмірінен алып жазылған "Шығанақ" (1945), колхоз болмысындағы жаңа өзгерістер кезеңін көрсетуге арналған "Миллионер" (1948) романдары жарық көріп, одақтық деңгейдегі татымды табыс ретінде бағаланады, кеңес халықтары мен шетел тілдеріне аударыла бастайды. 1952 жылы жеке кітап болып шыққан "Қарағанды" романы — қазақ әдебиетіндегі өндіріс тақырыбына жазылған ең үздік көркем туынды ретінде бағаланады. Содан кейін жазушының ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің ірі жетістігі саналған "Дауылдан кейін" романы (1960) дүниеге келді. Осы жылдары жазушы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне 1958) сайланады. Жазушының соңғы көрнекті туындысы — өмірбаяндық "Көз көргендер" романы.

Ғ. Мұстафин аса көрнекті суреткер ғана емес, зор беделді әдебиет, мәдениет қайраткері, парасатты да кемеңгер кісі болды. Кешегі өзінің дітінен шықпағанды кешірмейтін тоталитарлық жүйе тұсында А. Байтұрсынов бастаған арыстандарымызды ақтау туралы сол кездегі басшылықтан ауызша да, жазбаша да қадала сұрап, талап еткен де — осы Ғабиден Мұстафин.Ол 1953—1957 және 1961—1964 жылдары Қазақстан Жазушылары одағын басқарды, Абай атындағы Мемлекеттік және Жамбыл атындағы сыйлықтардың иегері болды. Шығармашылығы. Ғабиден Мұстафин үлкен прозаға көп дайындықпен, табанды ізденіспен, қажымай оқып-үйренумен, қажырлы еңбекпен келеді. Жазушының жеке басының ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің елеулі табысы болып табылатын "Шығанақ", "Қарағанды", "Дауылдан кейін", "Көз көргендер" сияқты романдары — оның өзі тікелей қатысушысы болып, ыстығына күйіп, суығына тоңған өмір шындығын терең білгірлікпен, реалистік шеберлікпен бейнелеген туындылар. Сонықтан Ғабиденді кеңестік Қазақстанда болған жаңарулардың жарты ғасырдан астам тарихының көркем шежіресі деуге болады.

XX ғасырдың І жартысында қазақтың көп жанрлы жазбаша әдебиетін қалыптастырып, көркемдік мәдениетін биік белеске көтерген, ұлттық ой-сананың кемелдене дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар, әмбебап қалам қайраткерлерінің шоқ жұлдыздай бір шоғырын Ғабит Мүсірепов "алыптар тобы" деп атаған болатын. Оқымысты-оқырман қауым сол топқа әлгі сөзді айтқан Ғабит Мүсіреповтің өзін де, оның түйдей құрдас суреткер досы Ғабиден Мұстафинді де жатқызады. Ғ.Мұстафин — жазуға кештеу кіріскенімен, ә дегеннен сүйікті туындылар жазудан бастап, әрі қарай өмір сыры, тіршілік тартысын тереңнен толғайтын айтулы романдарымен қазақ әдебиетінің өрісін биіктеткен зор талант иесі. Өмір философиясын терең меңгерген дана жазушының туындыларында өз заманының ауқымды көріністері орын алып, адал да арлы еңбек адамының азаматтық бейнелері сомдалған, оның қаламынан туған дүниелердің беттерінде көркем ойлар мен хас шебердің қырнап-мінеуінен өткен тіл өрнектері тұнып тұрады.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту