Шәкәрім Құдайбердіұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Шәкәрім Құдайбердіұлы– ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абайдың замандасы, әрі інісі.Сонымен бірге, Абай негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы, әрі оның ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын кере білуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына түзу жол көрсетуде Ш.Құдайбердіұлы Абай бағытын ұстанды. Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Құнанбайдың Күнке деген бәйбішесінен туған, яғни Абайдың туған ағасы. Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына оқуға берілді де онда жеті жасына дейін оқыды.

Жеті жасында әкеден жетім қалған ол бұдан былайғы кезде Абайдың тікелей тәрбиесінде болды. Өскен ортасының аса бай дәстүрлері мен Абай ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның талантты ақын, парасатты ой иесі болуына да зор ықпал жасады. Шәкәрімнің өзі кейінірек былай деп жазды: «Әкеміздің бір шешесінен туған Ибраһим мырза, оны қазақ ішінде Абай деп атайды, сол кісі мұсылманша Һәм орысша ғылымға жүйрік, Һәм алланың берген ақылы да ,бүкіл қазақтан бөлек дана кісі еді, ержеткен соң сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихаттанып, аз ғана болса да ғылымның сәулесін сездім». Кезінде арнайы оқу орындарында оқып білім алмаса да, өз бетінше ізденуінің арқасында және Абай ағасының жетекшілігімен жан сарайын байытқан Ш.Құдайбердіұлы өз заманында қазақ арасындағы аса білімдар адамдардың бірі болды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білді. Ол адамдар өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды мысалға келтіреді. Ғалымдардың кейбіреулері адамның өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулері үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі деді. Ал, кейбіреулері оку-біліммен, халықты ағартумен адам өмірі түзеледі дейді. Біреулері ,бай - кедейді теңеумен түзеледі десе, біреулері тәрбиемен түзеуге болады дейді. Өмірдің өзі — тіршілік таласы. Сондықтан адам өмірін жаратылыстың өзі солай жаратқан, бірін-бірі жеп, талап, таласып өмір сүреді дегендер де болған. Шәкәрімнің өзі бұл идеялардың ешқайсысы, адам жаратылысын өзгерте алмайтынына сенімді болды.

Өмірбаяны

Туған жері қазіргі Шығыс Қазақстан облысының, Абай ауданындағы Шыңғыстау бөктерінде 1858 ж. шілденің 11жұлдызында дүниеге келген. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күңкеден туған. Абай екеуінің әкесі бір, шешелері бөлек. Шәкәрім сонда Абайға немере іні болып келеді.

Шәкәрім бес жасында оқуға беріліп, екі жылдай оқиды. Құдайберді отыз жеті жасында дүниеден өткенде, атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған Шәкәрім жетімдік тауқыметін тарта қоймаған. Өзінің «Мұтылғанның өмірі» атты ғұмырнамалық өлеңінде бес жасында ауыл молдасынан сабақ ала бастағанын жазады. Атасы оның көңіліне қаяу түсірмей, бетінен қақпай, еркелетіп өсірді: ол жөнінде ақынның өзі: «қажы марқұм мені „жетім“ деп аяп, қысып оқыта алмай, жетімді сылтау етіп, ойыма не келсе, соны істеп ғылымсыз өстім» деп өкіне еске алады. Алайда ақылды бала өсе келе тез есін жиып, жеті жасынан бастап өлең сөзге бейімділігін танытты.

Оның ерекше зеректігін аңғарған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алды, «молда сабағынан» басқа орысша үйренді. Былайғы өмірін ғылым білім қуумен қатар, домбыра тарту, гармоньда ойнау, ән салу, саятшылық құру, сурет салу, т.б. өнерлерге арнайды. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай ауылының зиялы тобы, ұлы Абайдың тағылымы болды. Ол жас Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етті . Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқуға машықтанған Шәкәрім ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсті. Ақындық өнерін де таныта бастайды.

Ресми ақталуы

       1988 жылы Шәкәрім ақталып, оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның “Жазушы” және “Жалын” баспасынан өлеңдер, ал “Өнер” баспасынан әндер жинақтары жарық көрді. Тап осы жылы қажының 130 жылдығы Абай ауданында, 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды. Осы жылдар аралығында Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажы есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл көше ақын есімімен аталды. Мұның сыртында қаладағы байырғы бір қазақ мектебі ақын есімін иеленді.

Бүгінде осындағы екі бірдей жоғары оқу орнында – Семей педагогика институты мен Шәкәрім атындағы Семей университетінде Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Сол орталықтардың күшімен “Шәкәрім” және “Шәкәрім әлемі” атты екі бірдей журнал жарық көруде.

Семей педагогика институтының, Шәкәрімтану ғылыми-зерттеу орталығында қазір Шәкәрімнің тұлғалық энциклопедиясы дайындалу үстінде. Мұның сыртында аталмыш орталықта Шәкәрім мұрасы туралы бүгінгі күнге дейін сақталған бес томдық еңбек дайын тұр.

Шығармашылығы

«Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», «Қалжыңбас», «Тойымсыз нәпсі» сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарлы, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады. Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп («Анық асық әулие», «Шын сырым»), адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді («Жастарға»), 1905 жылы Шәкәрім қажылық сапар шекті. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Стамбұл, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқыды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» (1911) кітабын, қисындарын халық мүддесіне түсіндіру мақсатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды (1911). Бұл тұста ақынның діншілдігі танылды. Ол дін бұзушыларды қатты сынға алды . Шәкәрім өз шығармасында Аллаһ Тағаланың кітабы Құран сөздерін және Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерін адал сөзіне қатысты қолданысты мол алған:

«...және аятта: «Ей, мұсылмандар, пайдаланыңыз берген адал ырзығымнан», - деген», «Хадис: «Адал уәдесін бұзбаған иманның белгісі», - деген, «...адам өзін-өзі танымақ деген, жаратқан иесінің құны екенін һәм ғибадат үшін жаралғанын біліп, өзін-өзі тексеріп, зиянды істен қашып адал, пайдалы істі қылуға тырыспақ».

Сонымен қатар, Шәкәрім шығармасында әділ, адал адам бейнесіне ерекше орын берілген:

«Тарихта әрқашан адал жан өлмейтін», «Адамның адал ұлы болам десең, алдымен өзіңнің нәпсіңді жең», «Көп төбетке жетелі қайдан күшін, Құтқара алмай адалды пысады ішің», «Адаспайсың ақылды арлыға ерсең, Жолай көрме жылмайы сопы көрсең, Тапқыр, адал, ақ ниет адамдардың, Алданбайсың артынан ере берсең»; «Бір мезгіл: «Ой, тәңір-ай Адал жардың жолында өлгеннің арманы не?» - дегенде, тіпті, ер болып кетеді», «Адалға орын емес қазақ іші, Татты ғой соры арылмас таза кісі, Өзін асырар қазақтың өнері жоқ, Бірін-бірі талайлы бар жұмысы», «Адалдың әділ жолына, Ақырын басып жет, халық»;

Адал адамның адалдығының басы адал еңбек деу Шәкәрім шығармаларындағы адал іс-хәрекет, таза еңбек адамы мағынасындағы қолданыстары:

«Арсыз, арам айланы тастасалық, Адал іске талаппен бастасалық», «Адал сол - таза еңбекпен күнін көріп, жаны үшін адамшылық ар сақтайды», «Талаптан адал істі істемекпіз, Тапсырдық бір Аллаһқа біз демекпіз», «Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар, Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек», «Адал еңбек, ақ жүрек берер шешіп, Таза ақыл косылса, Әлемнің таласын», «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек, - Бұл төртеуін кім кылса, шын адам сол»;

Шәкәрім адал, халал мағынасында сөздерді тура және ауыспалы мағынада да қолданды:

     «Адам мен еті адал хайуандардың бәрінің де сарқыты адал», «Халалға ойламайды шыдайын деп», немесе «Мойныңа менің қаным халал болсын, Болма енді Қалқаманның қанына ортақ».

     Ол орыс,батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың шығармаларын аса жоғары бағалап, өз халқының дүние жүзілік озат мәдениетін игеруге шақырды. Өзін ғұмыр бойы Толстойдың шәкіртімін деп санады. Онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет Бичер-Стоунның «Том ағайдың балағаны» романын, Толстойдың «Үш сауал», т.б. әңгімелерін, А.С. Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды. Физулидің «Ләйлі - Мәжнүн» дастанын назира үлгісімен жырлады. Шәкәрім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытта болды. Бұл орайда ол ХХ ғасыр басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Ақын кеңестік тоталитарлық жүйенің құрбаны болды.

Көтеріліске шыққан халық пен жергілікті билік өкілдерін татуластыруға, қантөгісті болдырмауға тырысқан ол, жазалаушылар атқан оққа ұшып,оның денесі айдаладағы құдыққа тасталды. Ол «Халық жауы» ретінде айыпталып, оның шығармаларын оқуға тиым салды. 1988 жылы ақын есімі толық ақталды.

Шығармалары

Ш.Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» сияқты оқиғалы дастандар, «Әділ-Мәрия» романы жөне басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды. 1911 жылы «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі», 1912 жылы Семей қаласындағы «Жәрдем» баспасынан «Қазақ айнасы», «Қалқаман-Мамыр», «Жолсыз жаза яки кез болған іс», «Енлік-Кебек», «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Ләйлі-Мәжнүн» т. б. шығармалары жарық көрді. 1978 жылы Ленинградта шыққан «Поэты Казахстана» деген жинақта Ш.Құдайбердіұлының бірқатар өлеңдері орыс тілінде басылды. Үлкен жинағы 1988 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрді.

Әндері

Шәкәрімнің әндерін алғаш рет нотаға түсірген голландық азамат Альвин Эрнестович Бимбоэс. Ол 1919 - 1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданды. Соның нәтижесінде, 1926 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан «Музыкалық этнография» жинағында, Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса, қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылды. Осы аталған жинақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Шакарим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жарық көрді. Бірақ, екі әннің де өлеңінің астына нота жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген. А.Э. Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі, А.В.Затаевичтің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек - бата» деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні,А.В. Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 500 әні мен күйі» деген жинағында, «Шәкәрім Құдайбердин әні» деген атпен жарияланған. Осы жинақтың № 156 анықтамасында А.В.Затаевич: «Шәкәрім Құдайбердин - Семей уезінің қарт ақыны, қазір тірі, жасы жетпістер шамасында. Жинақта келтірілген әнін орыс әндерінің үлгісіне еліктеп шығарса керек, - деп жазған.

Шәкәрім әндері қазақ композиторларының шығармаларына да арқау болды. Ахмет Жұбановтың «Абай» сюитасының бірінші бөліміне, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» операсындағы Айдардың ариозосына, Айдар мен Ажардың дуэтіне сазгердің шығармалары пайдаланылды. Ал ақын поэмаларының сюжеті еліміздің ақын-жазушыларының, композиторларының шығармашылығынан кең орын алғанын айтсақ артық болмас. Мысалы, «Қалқаман - Мамыр» балетіне, «Еңлік - Кебек» пьесасына, «Еңлік - Кебек» операсына Шәкәрім туындылары арқау болғаны барша жұртқа аян.

 

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту