Шернияз Жарылғасұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Шернияз  Жарылғасұлы    Ақтөбе  облысының,   Ойыл  ауданынындағы     Жарыпшыққан  дейтін  өзеннің  бойында туылған.Руы Ақкете.      Ақкете  -  оның  он бірінші  атасы.

 Шернияздың туған,  өлген жылы   туралы  дәл мәлімет  жоқ.Бірақ оның Исатай мен Махамбет   бастаған  халық  көтерілісіне  бастан-аяқ  қатысқаны,  көтеріліс   біткеннен   кейін  де  бірнеше  жылдар  өмір  сүргені туралы ақпарат бар.  Нұртуған ақынның  айтуынша, Жамет  жыраудың  аузынан жазылып  алынған бір мәліметте мынандай  дерек келтіріледі : «Ақкете  Шернияз жиырмаға келгенде, Исатайдың дабысына құмартып, сонымен таныс болуға әдейі іздеп барыпты», - дейді. Бұл 1836-1837 жылдар шамасы болуы керек, өйткені Жайықтың бергі бетінде Исатайдың атағы шыққан жылдары - осы кез. Баламырзаның  Нұрымға  айтқан өлеңінен, яғни 1881 жылы Шернияздың  қайтыс болғаны мына өлең шумақтарынан мәлім:                                            

 Менің ағам Шернияз

 Дабылы жерді жарулы,

 Алты алашқа танулы.

 Сөйлей қалған кәдімгі

 Тірідегі  дабысы

 Талай жерге барулы.

 Сан азамат жиналса,

 Басын топқа салулы,     

 Шайыр туған Шенекең

 Бүгінде демі бітіп қалуы.

Егер ол 1836-1837  жылдары  жиырмалар шамасында болып, 1881 жылы қайтыс болса, оның туған жылы 1817 жылдар шамасы деп мөлшерлеуге болады.

Шернияз өмірінің көп жылын , Жайықтың арғы бетінде, яғни Бөкейлікте өткізді.  Ол үнемі Исатайдың жыршысы, серігі ретінде қасында болды. Исатай, Махамбет халықты хан, сұлтандарға қарсы күреске ұйымдастырғанда үгітші, ұраншысының бірі Шернияз ақын болған. Көтеріліс басылып, Исатай өлгеннен кейін, Шернияз Махамбетпен бірге 1838-1839 жылдары Хиуа елдерінде  болды. Шернияз ақын Хиуа жұртына барып, бірер жыл жүріп, еліне қайтыпты. Жаздың айы екен. Аулына ара күндік жер қалғанда, кешкісін бір байдың үйімен сөйлесіпті.

Бір жігіт шығып қондырғысы келмей, әр нәрсені сылтауратып сұрай беріпті. Шернияз оның арам ниетін сезіп қойып, сол мезетте жігітке  жауап ретінде мынандай өлең  шумақтарын шығарыпты:

 Руымды  сұрасаң,

 Жеті рудың ағасы,

 Ақкетенің баласы,

 Жаз жайлауым сұрасаң,

 Тайсойған, Бүйрек арасы;

 Қыс қыстауым сұрасаң,

 Жем, Сағыздың саласы.

 Жер шамасын сұрасаң,

 Ара қонып келеді

 Жүк салған жолмен қарашы

 Өзімнің атым - Шернияз.

 Жарылғас бидің баласы.

 Тап осылай деп айтпасам,

 Қондырмаймын деп тұрсың ғой шамасы

 дейді.

             . Исатай, Махамбет көтерілісіне белсене қатысушының бірі болғандықтан, Шернияз әуелгі кезде хан, сұлтандардан қашып жүрді. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейінгі Шернияздың  жүрген жері- Жайықтың бергі беті, Әлім Байұлы мен Жетіру елдері.

Жайықтың бергі бетіндегі елдерді басқарушы сұлтан Айшуақов Баймағамбеттің қудалауынан құтыла алмайтын болғандықтан, Шернияз өзі келді. (Кейбір  әңгімелерде оны Баймағамбет  өзі айдатып алдырды.)

Сол  кездердегі хан, сұлтандардың өз ордасында тәуір деген  ақын, жырау ұстайтын салттары бойынша, Шернияз айдалу жазасынан аман қалды. Баймағамбет сұлтан оны сарай ақыны ету мақсатымен бұрынғы хандарға қарсы болған «күнәсын»  кешірді. Ел аузындағы бірнеше әңгімелерге қарағанда, Шернияз Баймағамбетке келгесін де өзінің бұрынғы серіктерінен, көтерілісте болған достарынан қол үзбегенге ұқсайды.

             Махамбет өз өмірінің соңғы кезіне дейін, Шернияздың үйіне әлденеше рет келіп, қонып кетіп жүрген. Махамбеттің Шерниязбен  ең соңғы кездесуінде, олардың араларында мынадай сөз болыпты дейді.

 Шернияз:

 Көлдеуде көгала үйрек жергілікті,

 Молдалар шариғаттан сөз біліпті

 Жолдасы ер Исатай, ер Махамбет.

 Сөз бар ма бізге айтқандай ескілікті.

 Махамбет:

 Көп қағып дауылпазды көл шайқаған,

 Арғымақ бір шапқанда айналасы.

 Алты айшылық жер шайқаған,

 Күн бұлт, ай қараңғы жортаң құлжа.

 Шернияз, шешен болсаң бұл сөзді жылдам

                                                               болжа,

 Құйылып таң мезгілі мұнар шашып,

 Төрт лашын бір сұңқарды ортаға алып

                                               қылған олжа,

 Он бүркіт, отыз аққу көлде жатқан,

 Лашын қанат қақпай дәмін татқан...         

 Бұл өлең - Шернияз бен Махамбеттің араларындағы достық қарым-қатынасты көрсететін бағалы  деректің бірі.  Осы кездесуден бұрын қалыңдығын алып қайтуға барған ханның баласы кісі қолынан қаза тапқан екен. Осы Махамбет жолдастарының ісі болуға тиіс, соны аңғартты-ау деп ойлаймын депті Шернияз. Мұнан басқа және бір мынадай аңыз бар: Махамбетті ұстауға Баймағамбет сұлтан бір бөлек адамдарды аттандырады. Оның ішінде Шернияз да бар екен. Іздеп келе жатқан отрядқа Махамбет қарсы шығады. Шернияз Махамбетті алыстан танып, әнімен қауіпті білдіріп, бетін басқа жаққа бұрады, сөйтіп, Махамбеттің ол жолы ұсталудан аман қалуына себепші болды. Бұл да жоғарғы тәрізді, екеуінің араларындағы достық қатынастың үзілмегенін растайды.

Шернияз жайлы мәліметтерді қарастырғанда, оның  өмірінің бірінші кезеңі халық  қамын ойлаған Исатай, Махамбеттердің қасында болып,  халық тілегі, ел мүддесіне  жұмсалып, халықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып өткендігін көрсек, екінші кезеңі Баймағамбет сұлтанның сарайында өткендігін көреміз.  Сол кез, сол жағдайды еске алсақ, неге олай болғандығының нақтылы себептерін айқындау қиын емес.

             Исатай, Махамбет бастаған халық көтерілісі жеңілгеннен кейін көтерілісшілер қайтып  бас көтермес үшін хандар,сұлтандар,феодалдар қатаң шаралар қолданды.Олардың мал-мүлкін тәркіледі, Сібірге айдатты, шетінен ұстап түрмеге жаптырды, қуғын-сүргінге ұшыратты. Сондай қуғын көргеннің  бірі Шернияз болды. Біресе Әлім, біресе Шемен, біресе Табын, біресе Хиуа елдеріне

 барып, Шернияз, Махамбеттердің  сырғи берулері - Жәңгір, Баймағамбет, Перовскийлердің оларды қалай да ұстау керек  деген әмірінің күші, ізіне шам алып түсулері барған сайын күшейді. Сондықтан да Шернияздың Баймағамбет сұлтанға келуі, ешқандай амалдың жоқтығынан, бүгін болмаса, ертең қолға түсетіндігіне көзі жеткендігі, әйтеуір ұсталатын болғасын, не ұсталып тыну, не есебін тауып құтылу.             Шерниязды паналатуға Баймағамбеттің өз есебі, өзінше мақсаты болды. Бақ аңсап, даңқ іздеген Жәңгірмен өзінше іш бәсекесі бар тырашсынған Баймағамбет сұлтанға атышулы Шернияз шешенді өз қолында ұстау, оның мүмкіндігін пайдаланып, өзінің сарай ақыны етіп ұстау оған мақтаныш  сезімін ұялатты.Өздерін мақтап, жұрт алдында беделін көтеру үшін, ең шешен, талантты ақындарды сарай маңында ұстау жалпы хандардың ескі салты екені мәлім. Бұл дәстүрдің жалғасы аға сұлтан дәуірі ғана емес, тіпті кешегі Қазан революциясына шейін келді деуге болады. Қазақтың үлкен феодал, болыс-билерінің қасында өзінің шашбауын көтеретін кейбір ақындар болатын. Сөйтіп, Шернияздың Баймағамбетті паналауы лажсыз жағдаймен байланысты болса, Баймағамбеттің оны аман сақтап қалуы өз мүддесіне, өз тілегіне бағыныңқы.

             Шернияз - өз кезінде де, өзі өлгеннен кейін де, халыққа аты  көп жайылған, атақты ақынның бірі. Оның сөздері халыққа ерте заманнан мәлім. Қазақстанның қай түкпірі болсын Шерниязды жақсы біледі. Оның өлеңдерін сүйіп тыңдайды, сүйсініп оқиды. Бұған бір өлең жинаушының мына сөзі толық дәлел:

             «Біздің жақта, - дейді жинаушы, - Шернияз сөздерін әңгімеге үйірлігі бар жігіттердің көбі-ақ біледі. Өлеңші, ақындардың білмейтіні жоқ. Әсіресе: «Байеке, сіздің қызда жаман бар ма» деген өлеңі мақалға айналған. Ақын көрсе, «Шерниязды айт» деп  көпшілік қолқа қылады. Жалғыз Жетісуда ғана емес, Қазақстанның қай облысы, қай ауданында болсын халықтың Шерниязды қолқалайтыны  рас. Халыққа көп тарағандығы  жағынан, Шернияз қазақтың қай ақынымен  де таласа алады.

             Шернияз өлеңдерінің 1925 жылы Мәскеуде басылған Алыш ақынның ңұсқасы, Омарбек, Мәшһүр-Жүсіп жинаған үш түрлі нұсқасы бар («Шернияз ақын өлеңдері “ ,«Шернияз», «Шернияздың Баймағамбетке айтқаны»). Бұлардың аттары әр басқа болғанымен, желісі бір. Өлеңдер Шернияздың Баймағамбетке келуімен басталады, яғни өзінің кім екенін  таныстыру, Баймағамбеттің бұйрығы бойынша, оның   қызын, әйелін, өзін мақтау, Исатайды мақтау, Мәдебайды  (бір нұсқада Марабай делінеді) жеңуімен аяқталады.

 Алыш ақынның нұсқасында Шернияз өлеңдерінің аяғы Байғара болыстан зорлық көрген Шернияздың арыз айтуымен тынса, Мәшһүр-Жүсіптің нұсқасында Шернияздың Баймағамбеттің қызының тойын бастауы, Баянасқа айтқан өлеңімен  аяқталады. Жоғарыда айтылған үш нұсқадан басқа институт мұрағатында Нұржігітұлының «Шернияз тарихы» және Жәмет жыраудың «Ақкете Шернияз  өлеңі»  атты  қолжазбалары, т.б. бірнеше ұсақ өлеңдері сақталған. Әсіресе құнды материал деп Нұржігітұлының қолжазбасын айтуға болады. Мұнда Шернияздың өмірімен байланысты оның әр жағдайда айтқан ұтымды қысқа-қысқа бір ауыз, екі ауыз өлеңдерімен қатар, бұрынғы  жинақтарда болмаған «Шернияздың  Қазыбек би мен Әлен төреге айтқан сөзі», «Терме», «Өмір туралы айтқаны» дейтін бірнеше жаңа өлеңдері бар. Бұл  өлеңдері - Шернияздың шығармашылығын  айқындайтын бағалы ( құнды) материалдар.

             «Ақкете Шернияз өлеңі» атты қолжазба Нұртуған ақын арқылы, кейін Нұртуғанның жиені Жәмет жырау арқылы алынды. Бұл да бұрын ешкімге мәлім болмаған шығарма.Бұл жай ғана өлең емес, оқиғаға құрылған  қысқаша поэма деуге болады. Кіші жүз Сиықтың шежіресін айта келіп, Исатай мен Наушаның хан, патша әскерімен соғысы, Науша мен Исатайдың өз арасындағы қарым-қатынастары, Исатайдың  ерлік өлімі, оның сүйегін  Наушаның алып шыққаны баяндалады, Баймағамбет пен Шернияздың кездесуі, Марабай ақынмен айтысып, оны жеңуі жайлы айтылады. Көркемдігі жағынан бұл онша құнды өлең емес. Бірақ оқиғасында тарихи кейбір шындықтардың бетін ашатын жерлері бар (мысалы, Исатайдың  сүйегін жаудан кім алып шыққанын айқындау, стихиялық түрде басталған шаруалар көтерілісін басқарушылардың өз араларындағы келісе алмаушылықты көрсету, т.б.).

             Жоғарғы үш ақынның аузынан жазылып алынған үш түрлі нұсқаның желісі бір десек те, әрқайсысының өзінше өзгешеліктері  бар. Бас-аяғы бүтін, әңгіме желісі дұрыс,  адам  мен  ел аттары  тарихқа жақын  келетіні - Көкшетаудың  Алыш ақыны  айтқан нұсқа . Мәшһүр-Жүсіптің нұсқасы Алыш ақынға, негізінен, жақын келеді. Әйтсе де сөздерінде кейбір өзгешеліктері де жоқ емес.  «Арқада ту ұстаған Арынғазы»  (Мәшһүр) емес, «Ар жақта ту ұстаған Арынғазы» болу керек дейді. Өйткені әңгіме желісі атақты Арынғазы атты хан туралы. Бөкейліктегі ел Жайықтың бергі бетіндегі елді «ар жақ» деп сөйлейді. Оның Арқамен еш байланысы жоқ, сонымен қатар Мәшһүр-Жүсіптің нұсқасының   көп жерлері түсіп қалған ,не болмаса сөздері басқаша құралатын жерлері көп.

Шернияз бұдан бір ғасыр бұрын өмір сүрсе де, оның өлеңдерінің біздер үшін мәні зор. Өйткені өз кезіндегі қара халықтың көпшілігі шаруалардың мұңын жырлап, шаруалар көтерілісін басқарған, халыққа қамқоршы болған ер ұлдарды дәріптеді. Сол кез, сол жағдаймен байланысты өзінің  басында  кейбір қайшылықтары   болса да, ол негізінде, езілуші шаруалар табының жыршысы  болды. Күлдіргі, сатиралық өлеңдердің  шебер  ұстазы  ретінде  тамаша үлгі өлеңдер қалдырды. Сол себептен біз оны зерттейміз, тексереміз. Сондықтан Шернияз  әдебиет  тарихынан өзіне лайықты орын алады.

 Дереккөзі:

1.Қазақстан Республикасының ұлттық ғылым академиясының мұрағаты, Шернияз шығармалары,822 папка.

2.М.Ж. Көпеев. Таңдамалы шығармалар жинағының ІІ томы

3.Тіл мен әдебиет институтының мұрағаттары,7 материал, “Шернияз”,1бет.

 

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту