Шал ақын (Тiлеуке Құлекеұлы)

ДерекнамаМақалаларСуреттер

(1748 -1819)

Тілеуке Құлекеұлы Абылай ханның замандасы, ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген өз заманының белгілі ақыны болған. Ол Ақмола облысының, Азат темiр жол станциясының маңында дүниеге келген. Шал ақынның әкесi Құлеке Тәңiрбердiұлы қазақ-қалмақ соғысына қатысқан атақты батырлардың бiрi болған. Ол ширек ғасыр бойы  Абылайханның ең жақын қадiрлес досы, сенiмдi батыры, беделдi елшiсi болған.Сонымен бірге орта жүздiң iшiндегi ел бастаған, қолбасшы адамы да болған. Тілеуке Құлекеұлы Орта жүздің  атынан Ресейдің қол астына қарау туралы ант берушiлердiң бiрi болған.Оның Абылай хан атынан Ресей мемлекетiне елшiлiкке барғаны туралы деректер сақталған. Анасы - үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы. Құлеке мен оның ағасы Тiлекенiң соғыстағы ерлiгi жайлы әңгiмелер ел iшiнде күнi бүгiнге дейiн айтылады. Құлеке жайында Алматы мұрағатында нақты деректер де сақталған. Ауызша жеткен әңгiме бойынша, Шал ақын қоян жылы, 71 жасында дүниеден өткен.Б ұл есеппен алғанда ақын өмiрiн зерттеушiлер оны 1819 жылы қайтыс болды дейдi. Қариялардың айтуы бойынша, Сергеев (қазіргі Шал ақын) селосының қасындағы «Аютас» деген төбенiң жанында, Есiлдiң оң жағындағы үлкен бейiт iшiне жерленген, бiрақ қабiрi белгiсiз. Құлеке баласы Тiлеукенiң Шал ақын деп аталуы туралы ел iшiнде неше түрлi әңгiмелер бар. Ол бала кезінде тапқыр, зерек, ойға жүйрік, алғыр болатын. Шал ақын өлең шығарумен балауса жас кезiнен бастап айналысқан. Жасынан сөзге үйiр, шешен сөйлейтiн тiлге дiлмәр, ойлы жас болып көзге түсетін,ел арасында ақындармен айтысқа да түсiп жүретiн. Оның кiшкентайынан үлкендерше сөйлеуi, төрде отырып төрелiк айтқанына қарап жұрт  оны Шал атап кетедi. Зерттеушiлердiң айтуы бойынша ,Шал ақынның тұңғыш өлеңi - «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң» деп аталады.Бұл өлеңдi зерттеушілер ақын шығармашылығының басы деп жүр. Өлеңнiң шығу тарихы былай екен. Әйгiлi хан Құлеке батырдың бәйге алдын бермейтiн жүйрiк атын сұрап алып, кейiн қайтармай қояды. Бiрде Құлеке атын сұрауға барғанда баласы Шалды ертiп барады. Хан бала Шалдың көзiнше: «Iшi боқ, сырты түк, сол мәстектi осыншама неге сұрай бересiң?» - деген сөз айтады. Таңертең ерте тұрған Шал ханның қойшыға, отарға ере алмай қалған бiр қозыны арқалап алып кет дегенін естіп қалады. Шал кетерiнде хан екен деп қысылмай, өлеңдетiп, мал жандылығын бетiне айтады. «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң, Болмайды қойға пана тал дегенiң. Таң ата жалаң аяқ тоқты арқалап, Хан ата, қалай екен мал дегенiң? Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кiшi, Бiреудiң хақын жемес жақсы кiсi. Тақтағы хан, топтағы бидi еңкейткен, Хан ата, қалай екен малдың күшi?» -дейдi. Сөзден ұтылған хан Құлеке батырдың бәйге атын қайтарып, оған қоса бір жылқы беріпті. Хан алдында айтылған бұл өлең ел iшiне тез тарап, Тiлеукенiң ақындық атын шығарған екен. Осыдан былай Шал ақындық жолға көштi, суырып салма атанды. Оның суырып- салмалық өнері осы жанрдың бейнесі болып табылады. Ол поэзиялық сөз жарысының шебері, көптеген айтыстарға қатысқан («Шал ақынның қызбен айтысы», «Бәйбіше мен Шал ақынның айтысы», «Шал ақын мен жігіттің айтысы» т. б.). Ол ерте дәуiрде қалыптасып, жалғасып келе жатқан ақындық дәстүрдi,яғни ХVШ ғасырда өмiр сүрген Тәтiқара, Көтеш ақындардан кейiн қазақ поэзиясын дамытушылардың бірі болған. Оның бұл салада қосқан үлесi үлкен.Тілеуке Құлекеұлының  өлең- термелерi, толғау -тақпақтары сан жағынан мол, сапа жағынан мазмұнды, тақырыбы көркем және кең. Шал ақын қазақ поэзиясының лирикалық өлең жанрын, өз замандастарымен салыстырғанда, жан-жақты толықтыра түсiп, оның көркемдiгiн арттырды. Бұл тұрғыдан алғанда оны толғауды көркемдiк шегiне жеткiзе бiлген Бұқар жыраумен ғана салыстыруға болады. Сондықтан да кейiнгi кезеңдерде өмiр сүрген ақындар Шал ақынды ұстаз тұтты. Шал ақынның өлең, жырлары кезiнде ел арасына кеңiнен таралған. Шалдың бiзге жеткен шығармалары негiзiнен әр жерде әр түрлi себептермен суырып салып айтқан шағын өлеңдерден тұрады. Терме-тақпақтары, нақыл сөздерi, сөз қағыстары да баршылық. Шалдың ұзақ эпикалық жырлар шығарғандығы, қазақ халқының шежiресiн өлеңмен жазғаны да Шоқан Уәлихановтың еңбектерiнен белгiлi. Шал ақынның мұралары бізге толық жетпеген, жеткендерінің өзі бір жарым мың жол ғана. Адамның артықшылығы, жақсылығы көпке, туған елге пайдалы болуында деп қорытынды жасайды. Ашқарақ, сұғанақ, арызқой, пасық  адамдарды әшкерелейді. Өзiмшiл, күншiл пасықтарға жаны таза жақсы адамдардың адал ниеттi iзгi iстерiн қарсы қоя жырлап, бiрiнен жирендiрiп, екiншiсiнен үйренiп, үлгi-өнеге алуға үндейдi. Ол шығармаларын аяқ астына шығарып отырған. Ақын өзi өмiр сүрген дәуiрдiң өзектi мәселелерiн жырлаған. Өлеңдерiнiң көбi мақал-мәтелдерге, нақыл сөздерге, дiни ұғым сөздерге, бейнелi сөз тiркестерiне толы. Шал ақын - өз заманының беделдi ақыны. Оның өлеңдерi өз кезiнiң өзектi мәселелерiн көтерiп, халыққа адамгершiлiк ақыл-ғибрат бередi. Шал ақынның алғаш рет 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 5 санында бiр ғана өлеңi, 1958 жылғы 28 қарашада «Қазақ әдебиетi» газетiнде белгiлi қаламгер Ғалым Малдыбаев жариялаған сегiз өлең мен «Шал ақын кiм» мақаласы жарық көрді. Шал ақынның кейбір шығармаларын кезінде М.Хакімжанова, Ф.Ғабитова, А.Нұрқатов сияқты т.б.ақсақалдардың ауызша айтқандарынан хатқа түсірілген. Шал ақынның бірнеше шығармасын, Қазақстаннан тыс жерде Хасен Шаяхметұлы Ғали атты түркi халықтарының тiлi мен әдебиетiнiң бiлгiрi, үлкен ғалым XXғасырдың басында жазып алған. Оның қолжазбасы Қазан университетінің Н.Лабочевский атындағы ғылыми кітапханада сақтаулы. Шал ақынның шығармалары негізінен 1960 жылдан басылып шыға бастады, сол кездері оның шығармалары туралы ғылыми-зерттеу мақалалары да жарияланды. «ХVІІ-ХIХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962), «Үш ғасыр жырлайды» (1985) басылымдарының алғы сөздерінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор И.Дүйсенбаев Шал ақынның шығармаларын Бұқар жырау, Тәттіқара, Ақтамберді есімдерімен қатар қояды. Шал ақынның мұраларын әдебиеттанушылар - Х.Сүйіншәлиев, М.Мағауин, Г.Абетов, Ш.Елеукенов, Ө.Күмісбаев сияқты ғалымдар зерттеген. Шал ақынның шығармалары жоғарыда аталған басылымдардан басқа «Алдаспан» (1971), «ХV-ХVШ ғасырлардағы қазақ поэзиясы» (1982), «Бес ғасыр жырлайды» (1985-1989) жинақтарына енген. 1999 жылы Алматының «Дайк-Пресс» баспасынан «Шал Құлекеұлы» (Шығармалары. Зерттеулер) атты 364 беттiк көлемдi кiтап басылып шыққан болатын. Кiтаптың алғы сөзiн жазған филология ғылымдарының докторы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми жетекшiсi Жұмат Тiлеповтың айтуынша: «Шығармаларын үлкеннен- кiшi, ұрпақтан- ұрпақ жаттап, есiмi ғасырдан ғасырға өлмей жетiп отырған Шал Құлекеұлы туралы алғашқы жазба дерек Шоқан Уәлиханов еңбегiнде кездескенімен, ақынның бүкiл шығармашылық болмысын танытарлық туындыларының негiзiнен хатқа түсiп, зерттелiп қалың оқырманмен кеңiнен жүздесуi - соңғы 40-50 жылдың жүзi» болды деп өзінің сырымен бөліседі.Ақынның өз атымен аталатын жинақ тұңғыш рет туғанына 250 жыл толғанда жарық көрді. Жинақ негiзiнен үш бөлiмнен құралған. Соңғы шыққан «Шал ақын» («Арыс», 2003) басылымына Шал ақынның қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалары, белгілі ғалымдардың ғылыми мақалалары енгізілген. 1998 жылғы 25 қазанда Петропавл қаласында Шал ақынның туғанына 250жыл толу құрметіне орай, Халықаралық ғылыми-теориялық конференция, қарашада Алматыда ұлттық ғылым академиясының  ұйымдастыруымен «Шал Құлекеұлы және ақындық өнер» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар өткізіліп, облыс орталығында, ақынның туған ауданында, оның 250-жылдық мерейтойына арналған әртүрлi өнер сайыстары, айтыс  сияқты игі шаралар өткiзiлдi. 1999 жылғы 14  желтоқсанда Елбасының Жарлығымен ақынның туған ауданы «Шал ақын ауданы» деп аталды.

 

 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Тоғызбай Элизабетти 2016-01-28 12:33
Көп-көп рахмет сіздерге бұл жерден керемет мәліметтер алдым.
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Шалкарбек Ерзат 2016-01-28 12:33
коп рахмет жаксы шыгарма
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Айым Адильханова 2016-01-28 12:33
Рахмет!!! Керемет мал¡мет екен...
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту