Тәтіқара ақын

ДерекнамаМақалаларСуреттер

(1705- 1780)

Тәтіқара – Абылай ханның  замандасы. Қалмаққа қарсы жорыққа қатысып, сол жорықтарды жырлаған ақын. Атақты ғалым Шоқан Уәлиханов кезінде Тәтіқараны ірі ақын,жыршы болғандығын шығармаларында орынды ескертеді.Профессор Е. Ысмайылов та Тәтіқараны эпик ақын деп санайды. Академик Ә. Марғұланның ескертуі бойынша, Тәтіқара жырау – XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақтың ірі ақыны, жыршы-импровизаторы. Оның өлеңдері мен жырларынан тек ауыз әдебиетінің ерекшеліктері  ғана емес,  сонымен бірге жазба әдебиетке тән сипаттар да байқалады.

Тәтіқара Бөгенбай батырмен қалмаққа қарсы шабуылдарға қатысып, өзінің жалынды жырларымен күреске аттанған. Шайқастың қақ ортасында жүріп, халықтың көңілін көтеріп, жігерін оятып отырған. Мысалы, оның бір жыры,атап айтқанда, «Қамыстың басы майда» деп аталады.Ол "Әдебиет және Искусство” журналында 1946 жылы (7–8 сандарында) жарияланған, бір өлеңінің шығу тарихы осындай. Ол қазақ халқының жауынгерлеріне ерлік намысын ояту ниетінде айтылған жалынды сөз іспеттес:

Қамыстың басы майда, түбі сайда,

Жәнібек Шақшақұлы болат найза.

Алдыңнан су, артыңнан жау қысқанда,

Ер жігіттің ерлігі осындайда.

Мұнда Тәтіқара қол бастаған батырлар ісін, олардың ерлік дәстүрін үлгі ете сөйлеп, қалың қолды ілгері ұмтылуға үндейді. Алдағы судан да, жаудан да тайынбай, батыл шабуылға бастайды. Қазақтың қайтпас батырларының аттарын атап, олардың өшпес даңқтарын үлгі етеді.Яғни біз Тәтіқараны шындықты жасырмай жырлаған батыл ақын ретінде көреміз.

Кейбір қолжазба деректер, Тәтіқараны Абылайға сын сөздер айта білген батыл ақын етіп көрсетеді. Асылы, Тәтіқара ханның көңілі қалатын ауыр сөздер айтуға батылы жеткен, беделді адам болса керек. Кей тұста ақын Абылайды жақтаушыдан гөрі әшкерелеуші, сынаушы.Яғни ол үнемі хан жағында бола бермеген. Батырлар жағын, әсіресе Олжабайды қолдаған. Абылайға көңілі қалған тұста,ол өзінің үскідей өткір тілін қадап, оның кемістігін бетіне басатын.

Үш жүздің баласы

Ақылдасып қолдасып

Хан көтеріп еді —

Үш жүздің баласын

Бір ұлындай көрмеді.

Ат құйрығын күзеңдер,

Аллалап, атқа мініңдер,

Ханталау қылып алыңдар!

Ақынның бұл сияқты батыл әрекеттері, әрине, ханға ұнамайды. Асылы, осындай, өктем сөздерден кейін Тәтіқара мен хан арасы алшақтайды. Халық аңызы бойынша, ол сарай маңынан біржола қуылып, жасы ұлғая келе, жоқшылық көріп шамамен 1780 жылы 75 жасында дүние салды.Тарихта Тәтіқараны ішер асқа, қонар қонысқа зар болып, өз еңбегімен күнелткен кедей болған деседі.Өмірінде қандай қиындық көрсе де,ешкімге бас имей өткен, заманының өткір тілді ақыны болған.

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту