Тұрмағамбет Ізтілеуов

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Тұрмағамбет Ізтілеуов – белгілі ақындардың бірі, аудармашы. 1882 жылы 9 шілдеде Қызылорда облысының, Қармақшы ауданының, Ленин атындағы кеңшарда (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) дүниеге келген. Алғаш рет білімін Алдашбай Ахуннан оқып, сауатын ашқан. Бұқара қаласында әуелі «Мир арабов» медресесінде (1896-1899 жылдар аралығында ), кейін « Көкелташ» медресесінде (1896-1905жылдар аралығында) оқыған. Араб, парсы, шағатай тілдерін жетік меңгеретін. «Көкелташ» медресесінде тәжіктің классик жазушысы Садриддин Айнимен достасып, студенттер арасында қабырға газетін шығарып тұрған. Өзі медреседе оқып жүріп, Қарақалпақ елінде бала оқытқан. Осы тұста, «Шәкірттеріме», «Ұстаз ұсынысы», «Шөлмек» өлеңдерін жазған.

     1905 - 1925 жылдары ауыл мектебінде мұғалім, 1936-1937 жылдары Қазақстан халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер қызметін атқарған, 14 жасында «Қара қоңыз» тұңғыш мысал өлеңін, 18 жасында «Мәрді дихан» атты алғаш дастанын шығарған. Нәзиралық дәстүрмен шығыстық сюжеттерді негізге алып, «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану» сияқты оннан астам дастан жазған.

     Т. Ізтілеуовтің шығармаларының негізгі тақырыбы – білім - ғылымды («Балаларыма», «Ақыл тон аңдағанға тозбайтұғын», “Ұлдарыма», «Абайды оқығанда»), адамдық пен ізгілікті («Адамдық іс», «Жақсы мен жаман», «Қабанға қарсы ұмытылма ер дегенге», «Толымды жігіт») және сатиралық («Құрбанғалиға», «Бар» мен «Жоқ», «Ал» мен «Бер», «Бірге туған», «Құлжан биге», т.б.) өлеңдерді насихаттау болды.

     Ақынның сөз өнерінің өміршеңдігін өнеге еткен өлеңдеріне «Назым», «Сөз берсем жөндеймін деп бұзасыңдар», «Әр елдің бар бұлбұлы», «Жоқ деме, маза өлеңде», «Жырыңды жаз өрмелеп», т.б. жатады. Сондай- ақ, «Атаңның әуелінде белінде едің», «Адам» атты діни-философиялық жырлары мен бұрын баспа бетін көрмеген «Хазіретті Омардың хикаялары», «Пендесін Алла жеткерер», «Бұйрық» өлеңдерінде ол өзінің суреткерлік таланты мен дін ілімінің білгірі, терең психологиялық танымының иесі екендігін танытты. Т.Ізтілеуов табиғат тақырыбында да «Жыл келді», «Сыр бойы», т.б. өлеңдер жазды.

     Ол жазбаша айтыстың дамуына өзіндік үлесін қоса отырып, Сыр бойындағы жазба айтыс мектебін қалыптастырушылардың бірі болды. Т. Ізтілеуовтің жазба айтыстарын діни айтыс («Тұрмағамбет пен Ермұрат айтысы»), хат айтыс («Тұрмағамбет пен Жүрсеннің айтысы», «Тұрмағамбет пен Әбдікәрімнің айтысы»), жұмбақ айтыс («Тұрмағамбет пен Шәді төренің айтысы»), мысал айтыс («Көк құтан мен шымшық») деп жіктеуге болады. Т.Ізтілеуов бастаған ақындар тобы халықтық игі үрдістердің бірі – топтық өнер жарысын қалыптастырды. «Алты ақынның өмірі туралы айтысында» поэтикалық пікір жарысы философиялық сұхбат түрінде жалғасса, Шәді төремен жұмбақ айтысында адамның жас ерекшеліктері табиғаттың түрлі құбылыстарына, жан-жануарлардың түрлі қасиеттеріне теңестіріліп жасырылды.

     Ол ақындарға аралық сөз айтып, бітістіруші би- шешен де бола білген. «Тұрмағамбеттің өзіне тән бір жаңа жанрды атауымыз керек. Ол – Тұрекеңнің өзге ақындардың айтыстарына айтқан аралық сөздері», - дейді бұл туралы академик М.Қаратаев. Омар мен Таубайдың Жүсібіне, Омар мен Нұрмаханға, Қаңлы Жүсіп пен Кете Жүсіпке, Кете Жүсіп пен Даңмұрынға арнаған аралық сөздері ақынның адамгершілік ұстанымын дәйектейді.

     Ақын 1936 жылы Фирдоусидің «Шаһнамасын» қазақ тіліне еркін аударма жасаған (40 мың жол). Бұл шығарманы кезінде М. О.Әуезов, С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, т.б. жоғары бағалаған. Туындының «Рүстем – Дастан» аталатын бөлімі 1961 жылы, «Шаһнама, “Рүстем – Дастан» деген атпен толықтырылған нұсқасы 2004 жылы жарық көрген. Өлеңдері «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Қасиетті Қармақшым», «Ғасырлар толқыны» жинақтарына енген. Зерттеуші М.Байділдаев Т.Ізтілеуовтің ел аузында жүрген жырларын, тапқырлық сөздерін жинастырып, «Назым» деген атпен 1972, 1982 жылдары жарыққа шығарды. Ө.Күмісбаев Т.Ізтілеуовтің «Рүстем – Дастанын» жүйелі түрде қарастырып, парсы тіліндегі «Шаһнамамен» салыстыра зерделеді. Ұ.Жаңбыршиева ғылыми зерттеу еңбегінде ақын шығармаларының жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, поэтикалық сөз жүйесін саралады. Ақын қолжазбалары Қазақстан ғылым академиясының Әдебиет және Өнер институтының қолжазба түрінде мәтінтану бөлімінде сақтаулы.

     1980 жылы Тұрмағамбет Ізтілеуовке туған жерінде ескерткіш орнатылды. Қармақшы ауданындағы бұрынғы Ленин кеңшарына, бір көшеге ақынның есімі берілді.

   Жалшылықта жүріп күн кешкен кіші жүздің Кете еліндегі Ізтілеу кедейдің баласы Тұрмағамбет қазіргі Қызылорда облысының, Қармақшы ауданында 1882 жылдың ,9 маусымында дүниеге келген.

     Жасынан оқуға ойы сергек, әкесі ерте өліп жетім қалған жігері бар бала, ауылдағы мұсылман мектебінен алғаш білімге қанағаттанбай, таудай талаппен оқу іздеп Орта Азияға аттанды. Белгілі жазушы, көрнекті ғалым Садриддин Айнимен бірге Бұхара қаласындағы «Көгелташ» медресесін бітіріп шығып, 1905 жылы туған жеріне келіп, өз ауылындағы жаңадан ашылған мектепте сабақ беріп, жиырма жылдай мұғалім болды. Тұрмағамбет іргесін қалаған сол оқу орны қазіргі Қармақшы ауданындағы №29 қазақ орта мектебі. Ұстаздығымен, ақындығымен өскен ортасында адал еңбек еткен Тұрмағамбетті 1935 жылы республикадағы үкімет орны Алматыға қызметке шақырып алды. Содан бастап, өмірінің ақырына дейін Қазақ ССР оқу ағарту халық комиссариатында ғылыми қызметкер болып істеді. Ол 1939 жылдың 15 мамырында қайтыс болды.

     Тұрмағамбеттің шығармашылығы сан алуан. Ол поэзияның барлық жанрында да қалам тартқан адам. Сауатты болғандықтан ерте кезден-ақ Абай шығармаларымен жақсы таныс болған («Абайды оқығанда» деген өлеңін 1910 жылы жазған). Революциядан бұрын аты шыққан ақын кеңес тақырыбына арнап бірқатар шығармалар жазған. Шығыс тақырыбына батыл барып, байсалды еңбек те жасаған (поэмалары : «Мәрді диқан», «Рауа бану», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», т.б.) қазақ ақындарының бірі деп Тұрмағамбетті атаймыз. Әсіресе оның ақындығының шыңы – қазақ әдебиетінің қазынасына қосқан Фирдоусидің «Шахнамасының» 40 мың жолдық аудармасы. Бұл күрделі еңбектің бір бөлімі – «Рүстем-дастан» болып, 1961 жылы өз алдына жеке кітап болып көп тиражбен басылып шықты.

Дереккөздері: Бес ғасыр жырлайды. ІІ том.Алматы,Жазушы,1989ж.

                         Он ғасыр жырлайды.Алматы,2006.

                         Қазақстан ұлттық энциклопедиясы.

 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# talant nurasyl 2016-01-28 10:59
Казак адебиетинен малиметтер коп керек. Тегин болса
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# рсаева сымбат 2016-01-28 10:58
оте керемет жазилган
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту