Сәбит Мұқанов

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Сәбит Мұқанұлы Мұқанов(1900-1973 жж.) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.

Ол 1900 жылы 22 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар деген жерде туған.

Әке-шешеден жастай жетім қалып, балалық шағын ауқатты ағайындарына жалданып, қой бағумен өткізген Сәбит өзінің талаптануымен хат танығанымен, мұғалім алдын көріп, жүйелі білім ала алмайды. Тек он сегізге толғанда, Омбы қаласына барып, мұғалімдер курсында оқуға мүмкіндік туады. Оны бітіргеннен кейін ауылға барып, біраз мұғалім болады. Осында ауылды кеңестендіру жұмысына белсене араласып, таптық күрестің Көкшетау облысындағы оперативтік өкілі және партияның Ақмола губкомының нұсқаушысы қызметін атқарады.

Бұдан кейін 1922 жылы Орынбордағы рабфакқа түсіп, оны бітіріп шыққаннан соң, баспасөз орындарында жұмыс істейді. Жастайынан халық арасында жиі айтылатын жыр дастандарды жаттап, өзі де ауызша, жазбаша өлең шығарып талаптанып жүрген Сәбит осы кезден бастап, шығармашылыққа шындап бет бұрады.

Оның есімін жалпы қазақ оқырманына кеңінен танытқан «Сұлушаш» дастаны, «Адасқандар» романы осы кезде өмірге келді. Осыларға жалғаса жазылып, бірінен кейін бірі жарық көрген «Майға сәлем» (1933 ж.), «Сөз Советтік армия» (1934 ж.) атты өлеңдері, «Ақ аю» поэмасы (1935 ж.), «Жұмбақ жалау» романы (1938 ж.) және осылар тәріздес толып жатқан шығармалары қазақ әдебиетінің дамуында ерекше рөл атқарады. Осы кезге дейін атқарған сан-салалы қызметінде болсын, шығармашылық өрлеу жолында болсын, ілгерлеудің басты кепілі терең білім екенін, онсыз көздеген мақсатында жету мүмкін еместігін айқын сезінген ол 1928 жылы Ленинград университетінің филология факультетінде оқиды, Москвадағы Қызыл профессура институтының әдебиет бөліміне түсіп оны бітіреді.

«Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы болады, Қазақстан Жазушылар одағын басқарады. Драматургия, сын, әдебиеттану салаларында ерекше еңбек етті. 200-ден астам әдеби сын мақалалар жазды. Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды, әдебиет тарихы және ағартушы демократтар шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды, халық поэзисының ірі өкілдері туралы толымды пікірлер айтты.

Оның 1974 жылы жарық көрген «Халық мұрасы» деген тарихи-этнографиялық шолуы халқымыздың мәдениеті, өнері, тілі, материалдық игіліктері жайында жазылған ерекше құнды зерттеу еңбек болды. Жазушының шығармашылығында да, бүкіл қазақ прозасында да белгілі белес болған келелі туындысы кейіннен қайта өңделіп, «Ботагөз» деген атпен жарық көрген «Жұмбақ жалау» романы еді десе, оның саналы шығармашылық өмірін түгел дерлік қамтыған «Өмір мектебі» трилогиясы шын мәніндегі халық шежіресі болатын.

Ол халықтың арасынан шыққан халықтың сүйікті жазушысы болды. Мұхтар Әуезов: "Қазақ әдебиетінің аға жазушысы Сәбиттің аты – қазақ оқушысының мол қауымына өте даңқты, анық қымбат аттың бірі”, Ғабит Мүсірепов: "Жазушы Сәбит Мұқановтың қаламынан туған еңбектер өз алдына бір энциклопедия”, Мұхаметжан Қаратаев: "С. Мұқанов толық мағынасында халық жазушысы еді”, Расул Ғамзатов: "Біздің әдебиетіміздің Эльбрустарының бірі”, Сәйфи Құдаш: "Шын мағынасында үлгі-өнеге тұтатын кең құлашты жазушы”, - деп сипаттаған.

Оның қазақ мәдениетін өркендету саласында сіңірген зор еңбегі кезінде жоғары бағаланды. Бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, екі рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрметті белгісі» ордендерімен марапатталды. Бүкілодақтық бейбітшілік қорғау комитетінің мүшесі болды. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің алыптары туралы әңгіме болғанда "Кәдімгі Сәбит Мұқановтың” (өз сөзі) орны бөлек.

2000 жылы 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шешімімен жоғары деңгейде ұлықталған қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың шығармашылық ғұмыры жаңа ХХІ ғасырда да жалғасын табуда. Шығармалары қайта басылып шығып жатқаны өз алдына, социалистік дәуірден капиталистік қоғамға қадам басқан Қазақ елінің әдебиеттану ғылымында С.Мұқановтың кітаптарына, өткен ғасырдағы атқарған қызметі мен жазушылық жолына жаңаша көзқарас қалыптастыратын зерттеу еңбектері де жазыла бастады. Мұның рухани сұраныстан туғанын, қоғамдық қажеттілікпен байланысты екендігін дәлелдеп жату артық шығар.

 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Гульмира Қаңтарбайқызы 2016-01-28 10:47
Салеметсіздер ме қазақ елі! Осы Сәбит атамыз туралы дерекнаманы оқып отырып бір демалып қалғандай болдым. Сәбит атамыздың ауылы қазіргі уақытта Сәбит деп аталады . Сол елде мен дүниеге келіп ;өстім .
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Мади Орынбек 2016-01-28 10:46
Балуан Шолақ туралы әңгіме
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту