Мұхамеджан Серәлин

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Серәлин Мұхамеджан  -  жазушы, ақын, публицист, журналист.

Қостанай облысының, Қарабалық ауданының, Өрнек ауылында дүниеге келген. Троицкідегі медреседе оқып, Қостанайдағы 2 кластық орыс-татар мектебін бітірген. 1911-1915 жылдары Троицкіде «Айқап» журналын шығарды.

    1919-1920 жылдары - «Ұшқын» газетінің қызметкері, 1921-1922 жылдары - Қостанайдағы Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы, 1922-1923 жылдары - Қостанай губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары болды. 1923-1926 жылдары - «Ауыл» газетінің редакторы қызметін атқарған. 

М. Серәлиннің журналистік қызметі екі кезеңге бөлінеді. 1 кезеңіне «Айқап» журналында төңкеріске дейін басылған 40-қа жуық мақалалары жатады. 2 кезең 1918-1928 жылдар аралығын қамтиды, бұл кезеңде «Ұшқын», «Еңбекші қазақ», «Ауыл» газеттерінде саясат, шаруашылық, мәдениет мәселелері жайында мақалалары жарияланды. 1900 жылы алғашқы рет жарияланған «Топжарған» поэмасы қазақ әдебиетіндегі тарихи шығармалар қатарына жатады. Поэмада ХІХ ғасырдың 30-40- жылдарындағы қазақ өмірі, Кенесары, Наурызбай бастаған қозғалыс бейнеленген. 1909 жылы жарық көрген «Гүлқашима» поэмасы әйел теңсіздігі мәселесіне арналған. М.Серәлин Ы.Алтынсариннің ағартушылық-демократиялық идеяларын қолдады.  Ол Фердоусидің  «Шаһнамасын», «Рүстем - Зораб» бөлімін  В.Жуковский нұсқасынан, сондай-ақ А.Сорокиннің «Жусан» повесін қазақ тіліне аударған.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамдық ғылымдар маркстік-лениндік методология мен партиялық принциптердің үстемдігінен арылып, өркениеттілік ұстанымдарға негізделген методологияның арнасына түсті. Соған орай ХХ ғасыр басындағы ұлттық саяси элита өкілдерінің өмір жолы мен қызметіне қатысты объективті пікірлер айтылып, тұжырымдар жасала бастады. М.Серәлиннің мұрасы мен қоғамдық-саяси қызметіне байланысты зерттеулер жүргізудің қарқыны арта түсті. Белгілі әдебиетші-ғалымдар Ү.Субханбердина мен С.Дәуітовтің құрастыруымен «Айқап» журналына  енген мақалалардың жинағы жарық көрді. Осы жинақта «Айқап» журналының редакторы М.Серәлинге қатысты объективті пікірлер білдірілді. Заңгер-ғалым Қ.Ыдырысов та М.Серәлиннің шығармалар жинағын құрастыру бағытында  жұмыстар жүргізіп, 2002 жылы М.Серәлиннің мақалалары мен публицистикалық шығармалары, поэмалары мен аудармалары енген кітапты жарыққа шығарды. Осы жинаққа «Ұлт тарихындағы ұмытылмас есім» деген тақырыпта алғы сөз жазған Қ.З.Ыдырысов мынадай орынды пікір білдірді: «Еліміз тәуелсіздік алып, ұлтын егемендікке жеткізу жолында құрбандыққа болса да, ар жолынан таймай беделін биік, абыройын жоғары ұстап, халыққа қызмет етудің үлгісін көрсеткен, әрбір Алаш азаматы өмірінің мемлекетіміз үшін қайталанбас құндылық болып табылатынын түсіну, М.Серәлин шығармашылығын зерделеуге жете мән беруімізді талап етеді».

Белгілі әдебиетші-ғалым С.Ергөбек М.Серәлиннің шығармашылығына байланысты «Қайраткер-қаламгер Мұхамеджан Серәлин» атты еңбегін 2004 жылы жарыққа шығарды. Бұл еңбекте М.Серәлиннің мұрасы үш топқа бөлініп қарастырылды. Бірінші бөлімде - қайраткердің әдеби мұрасы, екінші бөлімде - публицистикалық мұрасы, үшінші бөлімде - аудармалары. Автор М.Серәлиннің шығармалары мен аудармаларын зерделеумен шектелгенімен зерттеулерге мынадай құнды ой-пікір білдірді: «Жаңаша бағалап-бағамдауды қажет ететін тұлғаның бірі - ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің ірі өкілі, қоғам қайраткері - Мұхамеджан Серәлин. Бұған дейінгі зерттеулерде М.Серәлин коммунист ретінде мадақталып, кейбір түрікшілдік, исламшылдық пікірлері не бүркемеленді, не қателік ретінде саналды. М.Серәлин қазақ мәселесінде ұлтшыл, тұтас түрік жұрты жөнінде түрікшіл, тіпті исі ислам бірлігін аңсаған азамат. М.Серәлинді исламдық, түрікшілдік, ұлтшылдық көзқарасы үшін сынау қате. Бұл - М.Серәлин дүниетанымынан туған көзқарасы, наным-сенімі, шығармаларында ту етіп ұстайтын темірқазық идеясы».

М.Серәлиннің қаламгерлігі тәуелсіздік жылдары қазақ әдебиетшілеріне ғана емес, өзбек әдебиетшілерінің де назарына ілінді. Өзбек әдебиетші-ғалымы О.Шарафуддинов өзбек ақыны, әрі жазушысы «Шолпан”  атты шығармалар жинағына  «Әдебиет жасаса - ұлт жасайды» деген тақырыпта алғы сөз жазып, онда М.Серәлиннің шығармашылығына басты назар аударды. Оның пікірінше, М.Серәлиннің «Тіл мен әдебиет халықтың рухы» деген ұстанымы өзбек қаламгеріне, соның ішінде ” Шолпан ” атты шығармалар жинағына да елеулі ықпалын тигізген.

Қазақ тарихшыларының 1991 жылдан бергі еңбектерінде де М.Серәлинге қатысты тың ой-пікірлер білдірілуде. Көрнекті тарихшылар К.Нұрпейісов пен М.Қойгелдиевтің Алаш қозғалысына байланысты жазылған еңбектерінде М.Серәлинге және оның жетекшілігімен шыққан «Айқап» журналына байланысты тың тұжырымдар бар. К.Нұрпейісов: «Қазақ зиялылары халықтың қалың бұқарасын туған өлкені қайта құрып, түрлендіру ісіне жұмылдыруда ұлттық газеттер мен журналдар, поэзиялық жинақтар мен көпшілікке арналған әр алуан тақырыптар бойынша жинақтар шығарудың маңызын жақсы түсінді. Қазақтың ұлттық баспасөзінің толыққанды алғашқы екі басылымы 1911 жылы дүниеге келді», - дей отырып, бұл істе М.Серәлиннің қайрат-жігеріне назар аударды.

Деректанушы-ғалым Қ.Атабаевтың еңбегінде М.Серәлиннің қазақ баспасөзін шығару ісіндегі қызметіне назар аударылған. Автор М.Серәлиннің 1906 жылдан бастап қазақ баспасөзін шығару жолында әрекеттенгенін, бірақ қайраткердің ондай әрекеттері сәтсіз аяқталып отырғанын негіздеумен қатар, қайраткердің «Айқап» журналын шығару жолында сіңірген еңбегін нақтылы деректермен дәйектейді. Сондай-ақ ,автор «Айқап» журналын ХХ ғасыр басындағы Қазақстан тарихын дерек көзі ретінде қарастырып, М.Серәлиннің бұл басылымдағы мақалаларын деректанулық тұрғыда талдауға алды.

М.Серәлиннің қоғамдық-саяси қызметінің кейбір қыры, Башқортстан мен Қырғызстан ғалымдарының еңбектерінде де көрініс табуда. Башқортстандық ғалым Л.С.Тузбекованың еңбегінде М.Серәлиннің Уфадағы «Ғалия» медресесінің ұстаздарымен және оның шәкірттерімен байланысты мәселе қарастырылған. Автордың көрсетуінше М.Серәлин «Ғалия» медресесінде оқыған шәкірттер арасында «Айқап» журналын насихаттап, шәкірттердің біразын осы журналға тілші ретінде тартқан. Л.С.Тузбекованың бұл мәліметін қырғыз ғалымдары Э.Манаев пен А.Османкулов та нақтылай түсті. Бұл авторлардың кітабында ХХ ғасыр басындағы қырғыз ағартушысы И.Арабаевтың М.Серәлинмен тығыз байланыс орнатып, «Айқап» журналында қырғыздардың сол тұстағы өміріне, тыныс-тіршілігіне қатысты мақалалар жариялағаны айтылды.

Батыс зерттеушілері А.Беннингсен мен Ш.Ламарсье-Келькежейдің еңбегінде М.Серәлиннің келбеті қазақтың көрнекті журналисі ретінде беріледі. Сондай-ақ М.Серәлин «Айқап» журналы қазақтар арасындағы ұлттық қозғалысқа дем берді деп түсіндіріледі. Мұндай пікір С.Зенковскийдің еңбегінде де көрініс тапқан.

Дереккөздері: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы

                          Бес ғасыр жырлайды.ІІ том.Алматы,Жазушы,1989 ж.

                          Он ғасыр жырлайды.Алматы ,2006.

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту