Мұса Байзақұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

(1849 -1932)

Мұса Байзақұлы 1849 жылы, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының,  Түркістан ауданының  Шоқытас ауылында дүниеге келді.

Қазақтың белгілі ақындарының бірі.

Жасында араб, парсы, шағатай, түрік тілдеріндегі әдеби шығармалармен танысып, Құлыншақ, Мәделі, Майлықожа, Бұдабай ақындардан тағылым алған. Ақынның хат түрінде жазылған Манат қызбен, Бұдабай ақынмен айтыстары сақталынған. Ол “Сырым қызға”, “Қосай тілмашқа”, “Тышқан мен түйе”, “Ағаш пен маймыл”, “Опасыз жар”, “Сұлу әйел мен молда” секілді көптеген ғибрат өлеңдер, дастандар жазған. Оның шығармашылығы туралы алғаш рет Ө.Тұрманжанов мақала жариялады (“Әдебиет майданы”, 1935, 8 cаны). М.О.Әуезов молда Мұсаның ақындығын жоғары бағалап, бір топ өлеңдерін 6-сыныпқа арналған “Әдебиет хрестоматиясына” енгізді (1937).

Өз шығармаларын, қазақ өлең өнерінің дәстүрлі үлгісінде жазып, шығыстың (оның ішінде араб) классикалық әдебиетінен нәр алған, бар өмірін Қаратау өңірінде өткізген өнер иелерінің бірі - ақын молда Мұса Байзақұлы.

Ел аузында молда Мұса атанып кеткен ақын Мұсабек, қазіргі Шымкент облысының Түркістан ауданына қарасты Шоқтас деген елді мекенде 1849 жылы дүниеге келген. Бұл кісі діни сауатты, діндар ақын адам болған. Өз ана тілінен басқа араб, парсы тілдерін  жетік білген. Жас кезінде әкесі ұстанған молдадан арабша хат таныған. Есейе келе, Қарнақ елді мекенінде Қозы молда медресесінде оқыған. Ақынның мына өлеңіне қарап жастайынан шығыс (араб, парсы) әдебиетінен нәр алғандығын байқаймыз.Мына өлең жолдары оған куә:

Адамға ғылым, өнер қамшы деген. Жүйрікпін арабыға парсыменен. Аз ғана шайырлығым тағы да бар. Кідірттім неше ақынды қарсы келген. Ақын өзінің араб және басқа да түрік тілдерін білгендігін бұдан да басқа өлеңдерінде айтып кеткен. Мұсабек ақын жоғарыда атап өтіп кеткеніміздей, өз замандастары секілді, өлеңдерінде араб сөздерін жиі-жиі қолданған. Ол кезде діндар қаламгерлер санаулы ғана болмады ғой. Сонымен қатар, сол уақыттағы ақындардың діннен хабарсыз болуы да мүмкін емес. Онымен қоса ол кісілер өз өлендерін бір тақырыпта жазулары да ғажап емес.

Мәселен әйгілі Майлықожа  ақын "Шора батыр" деген хикая жазған. Шора батыр әңгімесін Майлықожадан жазып алған Әбубәкір Диваевтың нұсқасын және басқа да Майлықожа шағармаларын құрастырып шығарған белгілі ғалым Ә.Оспанұлы. Зерттеушінің пікірінше, әңгіме ертегіге ұқсас жазылған екен. Кейін молда Мұса жайында ізденістер жасағанымда, Мұсабек ақынның "Шора батыр" жайында жазғанын кездестірдім. Бірақ Мұсабек ақын Шора батыр жайындағы хикаяны жыр етіп жазған екен. Мұса да кітаби ақындар қатарына жатады. Кітаби ақындар шығыста көп тараған сюжетті өздерінше жырлаған. Жоғарыда айтқанымыздай, Шора батыр жырын Майлықожа қара сөзбен жазған. Ал Мұса қисса етіп, яғни жыр етіп жазған. Бұл көркемдік дәстүр жалғастығының белгісі. Бұдан қарап біз, Мұса ақынның нәзира дәстүрін жетік меңгергендігін байқаймыз. Себебі ақын жырды қазақ қауымына жеңіл, түсінікті етіп жырлаған. Ақын Мұса араб сөздерін осы жырында жиірек қолданған. Ақынның бұл жырында адамның шамасынан артық кереметтер көрсетілген секілді. Сонымен қатар шығармада діни сипаттар да бой көрсеткен.

Қазіргі кезде оңтүстік шайырлары жайында жан-жақты зерттеулер жүргізіп жүрген зерттеуші Ә. Оспанұлы, Мұсабек ақынның Шора батыр жыры жайында сөз жүргізген. Ол кісі осы жыр жайындағы қорытынды пікірінде былай дейді: «Сонымен Шора батыр төңірегіндегі барша әңгімеміздің тобықтай түйіні түріндегі қорытынды пікіріміз - бұл шығарма халық қазынасы қатарында саналуға лайық.

Егер онда адамның күш мүмкіндігінен тыс кереметтер келтірілген,яғни жеке батырлардың жекпе-жек күрестерінде дінге кіріп, тілді кәлимаға келтіруді талап ету секілді кейінгі кезеңнің  қоспалары болса, олар жөнінде айтарымыз - қазақ ауыз әдебиетінде ондай белгілерден дені таза шығармалар жоқ. Ал, оларсыз шығармалар жасалған дәуірлерге тән белгілер өшіп, олар көне күндеріміздің ескерткіші ретіндегі мән-маңызын жоғалтар еді».

 Зерттеуші Ә. Оспанұлы ол кездегі шығармалардың діни мәтінсіз болмағандығын айтқан. Дегенмен де, бұл кісінің кей сөзіне қосыла алмаймыз. Бұл аталған ақындар өз өлеңдерін, жырларын діни тақырыпта көп жазған. Діни сөздерді келтіре отырып, халықты жақсылыққа шақырған. Діни сөздерді келтіре отырып жамандыққа бастаған ақын жоқ шығар. Себебі дін туралыққа, тазалыкқа шақырады. Осы себепті де, Ә. Оспанұлының: «ондай белгілерден (яғни діни, арабша сөздерден) дені таза шығармалар жоқ»,-деген сөзіне қосыла алмаймыз. Сонымен қатар, ақын Мұсабектің өлеңдерінің дені таза емес деп те айта алмаймыз.

Қазақ айтысқа бейім халық қой. Сондай-ақ айтыс үрдісі сонау ертедегі арабтарда да болған. Арабтар Ислам  діні келмей тұрып есте сақтауды, жаттауды жақсы дамытқан, басқаша айтқанда, жазып отырған адамға: «соны жаттауға шамаң келмейді ме?»-деп күлетін болған. Ислам келіп бұл жағдайларды өзгертті. Айтыстың жаңа түрі  яғни жазбаша айтыс пайда болып ,дамыды. Айтыстың бұл түрі араб, парсы, түркі яғни Шығыс елдерінде тарады.

Бұл Шығыс елдерінде көне заманнан келе жатқан жазбаша айтыс дәстүрі қазақ арасасында да кеңінен тарады. Бұл айтыстың ең етек алған жағы Қазақстанның Оңтүстік өлкесі еді. Мысалы, Молда Мұса мен Сырым, Манат қыздармен хат арқылы жазысқан айтыстары бар.

Мұса Сырым кызға 1875 жылы 26 жастан жаңа асқан уақытта былайша хат жазған: Ақ бетің ағаш үйге жаққан шамдай. Ішіне қараңғы үйдің атқан таңдай. Сыртыңнан Сырым сенің болдым асық.Ерте өткен Бапарым мен Күләндамдай. Ақын өзін қыранға, қызды ақсұңқарға, асыл тасқа теңеген. Арада бұл хатқа Сыр бойынның ақыны Будабай да араласып, Мұсабекке жауап қайтарады. Сөйтіп, жазбаша айтыс басталып кетеді. Отыздан асып қалған Мұсабек Төрткөл елдімекенінде досы Жылқыбайдың үйіне түседі. Ал Манат осы ауылдың жиырмадан асқан кескін-келбетіне сай ақыл парасатты қыз екен.

Мұсабек: Хат жаздым қалам алып Манатжанға, Жүзіне жанның бәрін қаратқанға, Ақ жүзін бір көрсетер күн бар ма деп, Сыртыңнан жалынушы ем Жаратқанға, -деп бастап:

Қайтейін лажсыздан кеттік біз де ,Кетсек те басқа да емес, көңіл сізде. Болғанмен ауыл емес, көңіл жақын. Біздербен әлі дос болсаң күдер үзбе. Ұлғайған жасына қарамай, жастық дәурені басында тұрғандай ,астам сөйлеген ақынның күйіп-жанған от жалынды, лапылдап тұрған сөздерге толы хатын алған Манат өзін ұлғайған ақынға тең санамайтынын төмендегіше ашық айтады: Жасында анық сұңқар болғаныңыз, Дариядай жігіт күнде толғаныңыз. Сыпырып жас кезінде ілсең-дағы, Тұғырға мәреден өтіп қалғаныңыз. Осылайша Мұсабек пен Манат екі мәрте хат алысады. Мұсабектің үшінші хатына Манаттан жауап келмейді. Айтыстың жалғасы ауылдағы тойда бетпе-бет кездескенде ғана жалғасып, кейін бітеді.

Молда Мұсаның өмірі мен шығармашылығын екі кезеңге бөлсек болады. Мұсаның шығармашылығы Абайдың шығармашылығына сәйкес келеді. Сәйкес келу себебі ақын жастайынан арабша хат танып, Кеңес өкіметі орнағанға дейін діни мәтінде өлең, жырлар жазып діндар қаламгер болады. Бұл уақытты шығармашылығының бірінші кезеңіне жатқызуға болады.

Ал екінші кезеңі Кеңес өкіметі орнағаннан кейін немесе большевиктер өктемдігі өршігеннен кейін  басталды. Бізге керегі ақын шығармашылығының бірінші кезеңі ғана. Себебі, осы кезеңде ол кісінің араб әдебиетінен сусындағанын байқаймыз, әрі үңіле оқысақ, ақын шығармаларынан өз заманының діндар адам түсінігінің, дін мектебінің талай-талай пайдалы таңбаларын табамыз. Қорыта айтқанда, екі заманның куәсі болған қарымды сөз зергерінің асылы ( оның  шығармашылығы), халықтық әдебиетіміздің асыл қорынан өз орнын тауып, алдағы уақытта да ел игілігіне жарайды деген сенімдеміз.

 

 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Akram Khabibulaev 2016-01-27 15:21
Здравствуйте! Вы пишите, что Мулла Муса “Қарнақ елді мекенінде Қозы молда медресесінде оқыған.” Я, Акрам Хабибуллаев, родом из Карнака, являюсь потомком Қозы молда. Сейчас собираю информацию о нем и о медересе, которую он оснавал.Буду рад с вами сотрудничать и получать информацию о Қозы молда и его медресе, если такое имеется у вас.
С уважением Акрам
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту