Мұрат Мөңкеұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Мұрат Мөңкеұлы

(1843-1906)

МҰРАТ Мөңкеұлы 1843жылы Атырау облысының, Қызылқоға ауданының,Қарабау  аулында дүниеге келді.Ол 1906 жылы Жайық бойындағы Өрлік аулында  дүниеден  озды. Қазақ  халқының үлкен айтыскері,жырау.                                   

Жасынан жетім қалып, ағасы Матайдың қолында тәрбиеленген. Ауыл молдасынан білім алған. Есет би мен Абыл ақыннан өнеге алып, өзі Мұрын жырау Сеңгірбайұлына ұстаздық еткен. 17 жасында Жылқышы, 20 жасында бала Ораз,25-інде Жаскелең, Жантолы, Шолпан, Тыныштық сынды ақындармен айтысып, жеңіп шыққан. Оның өжет мінезі, қағытпаға жүйріктігі, тапқырлығы әрдайым жеңіске жеткізген. Мұрат өз елінің тәуелсіздігін аңсап, бодандыққа  қарсы жыр толғады. Кезінде зар заман ақыны ретінде танылды. Ата қоныстың отарлаушы талауына түскеніне налыған ақын өзі туып өскен даланың кешегі күнін сағынышпен еске алады. Оның “Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Аштарханның жерін алды. Тәмамы су мен нуды орыс ұстап, Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны”, “Қазақтың жер-мұрасы”, “Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?” деген жыр жолдары ақынның отаншылдық рухына дәлел болды. Оның  басты шығармасы – “Үш қиян”. Мұнда ақын ескі дәстүрдің іргесі шайқалғанын, адамдар ниетінің бұзылуын сөз етеді. Құнарлы қоныстарды тартып алған отарлау нәтижесінде тұрмысы нашарлап, тығырыққа тірелген ел тағдыры ақынды тебірентпей қоймайды. “Үш қиян” толғауымен “Сарыарқа”, “Әттең, қапы дүние-ай”, “Қазтуған” жырлары үндес. Мұнда айтылатын басты нәрсе – жер, құтты қоныс жайы. Ол “Қарасай-Қази”, “Шәлгез”, “Ғұмар Қазиұлына айтқаны” атты жырларына діни аңыздарды негіз еткен. Білімді игермейінше елінің өркендемейтінін “Оқудан қайтқан азаматқа”атты  өлеңінде аңғартады. Ақын мұрасының бір шоғыры – би-болыстарға айтқан арнау өлеңдері. Мұрат майталман жыршы, термеші ретінде де танылған. “Өлім”, “Қыз”, “Арғымақ сайлап не керек”, “Аттан сұлу болар ма?”, “Жалғаншы фәни жалғанда” атты термелерінде заман сырына үңіліп, өмір мен өлім, жастық пен кәрілік, сұлулық хақында толғанады. Хат үлгісінде жазылған үш туындысы  сақталған. Атап  айтсақ, “Оқудан қайтқан жігітке хат”, “Еліне жазғаны”, “Бір досқа” атты шығармалары сақталған.Ол “Қырымның қырық батыры”атты жырды, Шалкиіз, Қазтуған шығармаларын жеткізушілердің бірі. Әсіресе оның  Махамбет өлеңдерін жеткізудегі еңбегі ерекше. Махамбет жырлары бізге  Қуан жырау , Мұрат , Ығылман ақындар арқылы біздің заманымызға жеткен. Оның шығармалары “ Мұрат ақынның Ғұмар Қазиұлына айтқаны” (Қазан, 1908), “Ақын” (Қазан, 1912), “Мұрат ақынның сөздері” (Ташкент, 1924), “Бес ғасыр жырлайды” (1989), “Ал қаласа әлеумет” (1991), т.б. жинақтарда жарияланды. Б.Қорқытовтың құрастыруымен жеке жинағы шықты. Мұрат  Мөңкеұлының   шығармаларын Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, А.Тоқмағанбетов, Қ.Жұмалиев, Б.Омарова, Қ.Мәдібай сияқты ғалымдар зерттеген.Сонымен бірге  ақын шығармалары орыс тіліне аударылған.

 

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту