Медеу Сәрсекеев

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Медеу Сәрсекеев 1936 жылы 2 қаңтарда бұрынғы Семей облысының, Абай ауданының, Қайнар ауылында дүниеге келген.

1958 жылы Қазақ кен-металлургия институтын бітірген.

1958-1959 жылдары "Жас алаш" газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі.

1959-1963 жж. Семей цемент заводында смена мастері, аға диспетчер, өнертапқыштар бюросының бастығы.

1963-1965 ж.ж. "Егеменді Қазақстан" газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі.

Медеу Сәрсекеев институтта өзіне дәріс оқыған, білгір доцент Ебіней Арыстанұлының тікелей ықпалымен , әдебиетпен ынтыға шұғылданып, қысқа әңгіме, очерктер жаза бастағанын, сөйтіп жүріп, төртінші курсқа жеткенде өзі оқитын оқу орнының мерзімді басылымы, көп таралымды апталық шағын газеттің бір бетін қазақша шығарғанын мақтанышпен айтады.Ең ғажабы, әдеби өнерге бейімділігін білікті ұстазы Е.Бөкетов дер кезінде байқап, шәкіртін шығармашылық жолға құлшындыра білген...

Тұңғыш әңгімелер жинағы “Ғажайып сәуле” деген атпен 1959 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Бұл жас жігіттің әдебиетке бетбұрыс жасауына ықпалын тигізген. Инженер дипломына ие болған жас маман “Лениншіл жас” редакциясының шақыруымен жастар газетінде еңбек жолын бастайды. Қаламы жүйрік, сезімтал журналист ретінде танылады. Бір жылға толар-толмас мерзімде қатардағы әдеби қызметкерден жұмысшы-жастар бөлімінің меңгерушілігіне дейін көтеріледі.Газетте қызмет істей жүріп, Медеу Сәрсекеев әсер алған оқиғаны қағазға түсіру машығынан қол үзбейді. Қазақ әдебиетіндегі ғылыми-фантастика жанрының алғашқы қарлығаштары атанған – “Көрінбестің көлеңкесі”, “От және атом”, “Жетінші толқын” атты хикаяттарын ол Семей цемент зауытында жұмыс істеген жылдарында жазған. Мерзімді баспасөз беттерінде өндіріс адамдары туралы очерктер жариялаудан да шет қалмаған. Сол жылдардың айтарлықтай бір жемісі – “Жазушы” баспасынан шыққан очерктер жинағы – “Жетіжылдықтың жігіттері”. Жас талантқа деген оқырман үміті, зиялы қауымның келешегінен жеміс күткені де өмірде болған жәйт. Әйгілі ғалым Ақжан Машанов, математиканың білгірі Төлеубай Аманов М.Сәрсекеевтің ғылыми-фантастикалық еңбектерінің алғашқы хикаяттарының баспасөз бетінде жариялануына жылы лебіз білдіруі - соның айғағы.

Академик Әлкей Марғұлан 1963 жылы инженер қаламгерді Алматыға шақырып, сұхбат үстінде ғылыми-фантастика тақырыбын тежей тұрып, біртуар ұлттық тұлға Қаныш Сәтбаев өмірін түбегейлі зерттеп, әдеби ғұмырнама жазуды ұсынуы – жас жазушының тырнақалды қадамын құптап, үміт артудың нышаны. “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің басшылығы өндіріс бөлімінде қызмет істеуге шақырғанда ол басылымның Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі болуды қалайды. Содан былай Кенді Алтайдың кен-металлургия комбинаттарын ертелі-кеш аралап, Лениногор (қазірде Риддер), Зыряновск, Белогор сияқты үлкенді-кішілі кенттерінің өндірістері мен тыныс-тіршілігін зерттеуге кіріседі. Өскеменнің атақты қорғасын-мырыш комбинатының парткомы есебіне тіркеліп алып, өндірістің ішкі өміріне тікелей араласып кетеді.

1965 жылдың көктемінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, хас суреткер Ғабит Мүсірепов Өскеменге жеделхат жолдап, Медеу Сәрсекеевті Семейде ашылған облысаралық әдеби бөлімшеге жетекшілік етуге шақырғанда, ол аға қаламгердің ұсынысын қуана қабылдап, эссе кітабында өзі мойындағандай: “Қаныш аға өмірін ұлықтауға бұл қызметтің пайдасы тиетінін түсініп, көкейде ұялап қалған сол тақырыппен түбегейлі айналысуды мақсат етіп, туған өлкеме қайта оралдым...” – дейді. Бұл қызметті ол артық-кемі жоқ аттай 33 жыл атқарып, 1997 жылы зейнеткерлікке шықты.

Қарымды қалам иесі Медеу Сапаұлы зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да, қалам тербетуді тоқтатқан жоқ. Соңғы бес жылда “Сәтбаев” ғұмырнамасының жаңа деректермен толықтырылған нұсқасын орыс тілінде екі мәрте, қазақша да қайыра жариялады. Орыс тіліндегі естелік-эссе “Через тернии” атты кітабы 2002-2003 жылдары екі мәрте басылды. Жазушының “Ебіней Бөкетов” ғұмырнамасы Алматы мен Астананың екі баспасынан жарыққа жарыса шықты. Бұл деректер де жазушының қаламы мұқалмай, бәз-баяғыдай қарымды қалпында екендігін айғақтайды.

Медеу Сәрсекеев – қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер. Әдебиетке өзіндік қырымен, дара соқпағымен келген жазушы әдебиет әлеміне бойлаған сайын жүз толғанып, мың ойланып, өз тақырыбын таңдап та, талғап та жүріп, қалам толғаған дарын иесі. Оның шығармалары негізінен тәуелсіз елдің тұғырлы тұлғаларын жеріне жеткізе әспеттеуге арналған.

1980 жылы Мәскеудің “Молодая гвардия” баспасынан “Тамаша адамдар өмірі” сериясымен (“ЖЗЛ”) шыққан айтулы ғұмырнаманың 5 мың данасы халықаралық жәрмеңкеде сатылып кетіпті. Қазақтың Қанышын әлемге танымал еткен іні шығармашылығы туралы Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың сөзіне жүгінсек: “Алыпты алып қана арқалай алады, Абайдай данышпанды Әуезов әлемге танытты. Сәтбаевтың ұлы тұлғасын М.Сәрсекеев ұлықтады, ЮНЕСКО жариялаған дерекке қарағанда, оның “Сәтбаевы” әлемнің 112 еліне тарапты!

А.Беляевтің "Қос мекенді адам" романын, А. Янушкевичтің қазақтар өмірінен сыр шертетін «Күнделіктер мен хаттарын» қазақ тіліне аударған.

Жазушы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, (1970 ж.), Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Құрмет грамотасымен (1986 ж.), «Құрмет» орденімен (2001 ж.) марапатталған.

1997 жылдан бері Семей қаласының, Абыралы ауданының Құрметті азаматы.

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Жанат Мырзашева 2016-01-27 15:05
Айналайын Медеу ағамнан Қаныштай Ел мақтанышын зерттеген. еңбектеріңізді оқып басымды идім . сәтбаев жайлы жазған бір кітәбіңізді алып оқу қазіргі арманым
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту