Мағжан Жұмабайұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Мағжан Жұмабайұлы– ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінің көгінде жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі.

1893 жылы 25-маусымда Петропавл уезі Сарыайғыр болысы, Сасықкөл ауылында туған.

Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді.
Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгеріммен аяқтайды. Бірақ бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды.
Ол оқу іздеп Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесінен Жоғары діни оқу орнымен пара пар Медресе Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл-кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.
Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол енді бірте-бірте ой есейгендігін танытып азаматтық лирикаға қарай ойысады. Мұнда да ол зарлы да өкінішті ой сезімдерін ерекше құдіретпен, шыңғырған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу кегін табиғи байланыстырып жібереді.
Бұл кез оның қазақтың ардақ азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді:
Азамат! Анау қазақ ханым десең,
Жұмақтың суын апар, жаным десең.
Болмаса, Ібіліс бол да у алып бар,
Тоқтатам тұншықтырып қанын десең
Екінің бірі, басқа жол жоқ!
Тасқыны қатты, тегеуріні берік ұлттық сезім селі ширатыла ширығып барып, екпінін баспаған күйі түрікшілдік арнасына құйылады. Халық өлеңдерінің мазмұнымен бірге оның ырғақ үйлесімін, ішкі рухын, әуезділік әсемдігін жанымен қабылдаған ақын кейде ән-күй ғана түсіндіре алатын сезімдерді сөзбен жеткізеді. Мағжанның ақындық ерекшелігі де, бәлкім, осы болар.
Қалай дегенде де, Мағжан өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде, ал адамды сол ұлы табиғаттың, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайды. Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білу үшін ол, алдымен, не нәрсенің болса да мән-мазмұнын бағдарлап, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстың ішкі астарына үңіледі. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды.
Мағжан «Шолпан», «Сана» журналдары, «Ақ жол» газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде де, Москваның Жоғарғы әдебиет және көркемөнер институтында оқып жүргенде де, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады.
Білімі толысып, тәжірибесі молайып, кемелді шағына бет алған дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан Қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, түрмеге қамайды.

Сөйтіп, 1929 жылдан бастап ақын қуғын-сүргінге ұшырайды. Әуелі жалған жабылған жаламен он жылға сотталады. Одан М. Горкий мен оның әйелі Е. Пешкованың араласуымен, 1936 жылы босатылады да, бір жылдан кейін «Халық жауы» деп қайта сотталып,1938 жылдың наурыз айында ату жазасына кесіледі.
Мағжан – сыршыл ақын. Ол үшін бақ пен қуаныш - сүйе білу. Құштарлық пен оның оттай жанған сезім бұрқанысы мол жан сөзін жүрек поэзиясына тұңғыш әкелген.

Оның «Тілегім», «Мені де, өлім, әлдиле», «Сүйемін», «Сәрсембайдың жыры», «Жазғы түнде» тәрізді өлеңдері - қазақ поэзиясының қазынасы.

Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұралары уақыт сынынан сүрінбей өтті. Өзге классиктердің шығармаларымен қатар қазақ мәдениетінің тарихынан сыбағалы орын алды.

 

Content 2
Content 3

Пікірлер  

# Құлшар Қалыбек 2016-01-27 15:34
Маған бұл сайт ұнады
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Серікбай Маханұлы ақын - сазгер 2016-01-27 15:34
ӨЛЕҢ ЖЫРҒА ОТ ЖАҒЫП .
( Мағжан Жұмабаевқа )
Кешір Алла , Мұхаммедке теңедім ,
Ақындардың пайғамбары дер едім .
Өлең жырдың ошағына от жағып
Лаулап жанған аруақты тербедім .

Тұңғиықтан асыл ойды кім білген ,
Мағжан болар ел –жұртына дем берген .
Қамқорлыққа құдыретің зор екен
Еңбегіңді бағалайды ел көрген .

Қалай қиды , қырық бесте өлтіріп ,
Жерленді ме тарихтағы өтірік .
Арашашы болалмаған сол халық
Қала берді заманыңа өкініп

Өлген ақын сөйлейді ғой илансаң ,
Ақталғанда елу екі жылдан соң .
Өзі риза , шындық үшін сотталып
Жан жүрегін өлімгеде қиған соң.

Махаббаттын өлім күймен әлдилеп ,
Тірілесің,қайта жасап —ән бөлеп .
Сағыныштың дастарханын жаямыз
Мерекесін талай жылдың әзірлеп .

Алашым , деп түбі бірге Түрігің ,
Мағжанына аянбады тірлігін .
Күншіл болма оянғанда қазағым
Егеменді ел болғанда бірлігің .

Сыршыл адам Пушкинмен де тілдесіп
Горькийменен ой өрбітті бірлесіп .
Ер азамат қадіріне жеткенде
Кетпейікші бұрма жолға ілесіп .

Үрей үндер қорқытпасын сезімді ,
Бәрін көрген қазақ едік төзімді .
Ар —намысын тасқа басып өлеңмен
Дауылпазым жыр жолына серпілді .

Мағжан тірі - ортамыздан орын ап ,
Қайта жасап ел тірлігін орындап .
Алау отты жарып өткен батырсың
Гүл жайнаған заманыма ақын боп .

Серікбай Маханұлы ақын-сазгер.
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Арайлым 2016-01-27 15:33
Мағжан Жұмабаевқа арнап өлең шығарып беріңіздерші
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# серікбай маханұлы 2016-01-27 15:33
Арайлым саған Мағжан туралы өлең керек пе?
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз
# Аубакирова Мереке 2016-01-27 15:32
Мағжан Жұмабаевқа (АРНАУ)
Жарық жұлдыз,әдебиеттің жыршысы,
Нұр жайқалған өмірімнің жаршысы.
Өлең-жырдың мағынасын ұғынған,
Қазағымның қарапайым сыршысы.
Жүрегінде алау оты тұтанған,
Сол отпенен ғұламаға айналған.
Қазағым деп алыс көкте самғаған,
Сөзі-алтын,өзі-алтын бұл-Мағжан...


Сасықкөл жағасы екен туған жері,
Есейіпті сол маңда болып сері...
Жастайынан ересекше хат таныған,
Талай жанды өзгерткен істен кері...
Үлкен дарын иесі,ақылшысы,
Келешекке серпіле ұмтылушы.
Жастардың еңсесін де ол көтерген,
Алаш деп ұрандатқан ел Мағжаны...
Оятты ел санасын өлеңдері,
Жер-Анаға,табиғатқа құштарлығы,
Өрнектелген кестедей бәрі-бәрін,
Шырмалады оқығанның тұла бойы.

Білім қуу жолымен Уфаға барды,
Үздік бітіріп,оны да тәмамдады.
Қызыққа батып,оқуын жалғастырып,
Ұрпаққа өз білгенін үйіп жайды..
Табиғатын аялай ғашық болды,
Алыс кетсе,тебірене көп толқыды.
Өз үйі мен ауылы артта қалған,
Тәтті суы,қалың нуы ол қараған,
Балақ түріп,қозы қуып,ат жарысқан,
Бәрі бірдей көз алдына сағымданды.
Қуғын-сүргінге жаламен ұшыраған,
Күнәсіз ғой,бейкүнә пәк адал жан.
Қызыл империя құрбаны бола қалған,
1938 жыл ол атылған...
Сұм тағдыр,қатал тағдыр аямаған,
Көрнекті ақын қыршынынан тез қиылған,
Дегенмен де,адал жандар щет қалмаған,
Ел аузынан бір түспес асыл Мағжан...
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту