Көтеш ақын

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Көтеш Райымбекұлы Павлодар облысының Баянауыл ауданының ХҮІІІ ғасырында өмір сүрген белгілі ақындардың бірі болған. Арғы атасы — Тұрлыбек. Ол ( Көтеш Райымбекұлы) ақындықпен жас кезінен шұғылданған. Әуелі елдегі айтыс дәстүрі бойынша танылған,кейін арнау өлеңдер айтып жүрген. Кезінде әлеуметтік мәселелерге үн қосып, елінің тарихын,жауға қарсы жорықтарын, өз дәуірінің киелі мәселелерін көтеріп отырған.

Өз заманындағы нағыз ақпа ақындарға тән қасиеттерімен танылған, сол ақындар поэзиясының үлгісін ұстаған, қара өлең, қайым өлең сияқты жанр түрлерін кеңінен байытқан. Ақынның бізге жеткен мәлім шығармалары осыған дәлел. Өзінің мазмұны жағынан әлеуметтік, қоғамдық, тұрмыстық мәселелерді кеңінен көтеріп, әр түрлі лирикалық өлеңдер шығарған.

Ақындармен айтысып, арнау, ойнақы терме де айтқан. Қалмақтың қазақ жерін босату күресіне белсене араласқан әрі батыр, әрі ақын саналған ол Жасыбай, Олжабай батырлар бастаған Сүйіндіктердің қалың қолдарымен бірге жүріп, әрбір күрес нәтижелерін сөз еткен. Аталмыш батырлар туралы ұзақ жырларды да толғаған.

Көтеш өлеңді көп шығарған төкпе ақын. Оның әлі жиналмай, ел аузында жүрген сөздері көп. Ақын шығармаларында өз кезінің талай тақырыптарын көтеріп, ішкі-сыртқы ел қайшылықтарына үн қосқан. Ол өз еліндегі қиын тұрмысты, әлеуметтік теңсіздікті, халықтың мұң-шерін де толғана жырлады. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасынан мол хабардар Көтеш сол ауыр оқиғаны тебірене толғап, халық қайғысына үн қосады. Қалмаққа қарсы соғыс аяқталып, ішкі егестер қозған кезде, Көтеш Абылай ханға наразы ерлер жағында болып, сол ханға қарсы топтың сойылын соғып, Бөгенбай, Қазыбек, Олжабай бастаған топпен бірге Абылайдың өзімшіл өр мінездерін бетіне басқан. Ел арасындағы деректерге қарағанда, Көтештің «Ер Олжабай», «Ботан» атты жырлары бар .Ол жырларында ханды онша мақтамайды. Нәтижесінде ақын көп қуғын көреді, өле-өлгенше алдына мал салмай, кедейлік зардабын шегіп өтті. Бір деректерде елден кетіп қарақшылар қолынан қаза тапты деген аңыз бар.

Көтеш ел адамдарын аузына қаратып арнау өлеңдер де жазған. Өз еліндегі Тінәлі, Тышқанбай, Қапан деген байларға арналған өлеңдерінде мейірбандықты, кең пейілділікті жақтайды. Өзін-өзі зор тұтып, басқаны менсінбеген мырзаларға да Көтеш өткір мысқылдар арнап отырған. Шығармада оның Торайғыр биге айтқан сөзінен байқалады. Ақын мінер атқа, ішер асқа зар болып өткен. Бұған оның өлеңдері де айғақ. Қартая келе ол келін-балаларына риза болмай, оларға наразылық ретінде өлеңдер шығарған. Көтешті айтыскер ақын ретінде де танимыз. . Бізге оның қыпшақ қызбен, Күнікей, Зағипа, Қания сияқты қыздармен тіл қағысулары жеткен. Ол қара сөз түрінде сөйлемеген (ойын өлең түрінде жеткізген). Кез- келген сөзін тұспалдап, өлеңдете жөнелетін қас жүйріктің өзі болған.

Қазақ әдебиетінде Көтеш ақын мұрасының алар орны ерекше.

Абылай, Ботақанды сен өлтірдің

Абылай, Ботақанды сен өлтірдің,

Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?

Хан басың қарашыңмен даулы болып,

Үстінеақ орданың қол келтірдің.

Абылай, күйіп-кетті салған қалаң,

Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң?

Жанайды дәл бүгін күн босатпасаң,

Болады ертең жесір қатын-балаң!!

Арқа ойылдың құба жөн түсер қақтар

Арқа ойылдың құба жөн түсер қақтар,

Су ішуге сол қақты құлан жақтар.

Атадан алтау, жетеу туғанменен,

Соның ішінде біреуі-ақ сүтін ақтар.

Ай қараңғы, күн бұлт, түн демеңіз,

Біреу жарлы, біреу бай, күндемеңіз.

Ата тілін алмаған арам ұлды

Аузы түкті кәпірден кем демеңіз.

Ай қараңғы, күн бұлт, түн демеңіз,

Біреу жарлы, біреу бай, күндемеңіз.

Ата тілін сыйлаған адал ұлды

Хат оқыған молдадан кем демеңіз.

Балаңа ұрса берме таз болса да,

Малыңды сол бағады аз да болса.

Жұмыскер есіктегі тынышы кетер,

Қожайын түрде отырған қазба болса.

Күркелінің бауыры күнде дауыл

Күркелінің бауыры күнде дауыл,

Көтеш қалды жұртында жалғыз ауыл.

Ауырып жатқан көңілімді бір сұрамай,

Шын Сексеннің баласы қара бауыр.

Бір жанымның қамы үшін жүрдім саяқ,

Не қыламын бұл малды жаннан аяп.

Ауырып жатқан күнімде бір қайрылмай,

Ет дегенде қалмапты тайлы-таяқ.

Арғы атамды сұрасаң Сексен жұмла,

Райымбек Сексеннен туған ұл ма?!

Райымбекті сен де еш қоя алмайсың,

Райымбек би болса, Рай құл ма?!

Қартайғанда қатының дұшпан болды

Қартайғанда қатының дұшпан болды,

Баласымен бірігіп қысқан болды.

Келін деген бір дұшпан тағы шығып,

Біреуі іштен, біреуі тыстан болды.

Қартайғанда қатының қазба дейді,

Келін менен балаға жазба дейді.

Ат болса, айғыр болса, солар мініп,

Шолақ байтал қақбасқа аз ба дейді.

«Бала, бала!» деуменен мазалымыз,

Баладан болар білем ажалымыз.

Баламызға жалынсақ жан сақтар ек,

Келін деген даяр түр тажалымыз!

Кәрілік, жылы-жұмсақ ас жарай ма,

Қазы, қарта, жал, жая, бас жарай ма?

Кәрілік, мұның бәрін жақтырмайсың,

Үйген топырақ, қалаған тас жарай ма?!

Алдымнан алты пұшық анталады,

Тілге келмей біреуі балталады.

Осы аурудан, сірә, жан қалмас білем,

Балтасы тиген жері қанталады.

Япыр-ай, бұл не деген ел боларсың,

Не малдан, не перзенттен кем боларсың.

Қарап жүрген Көтешке тиемін деп,

Баласына Құлболдының жем боларсың.

Дереккөзі: kazakhadebieti.kz

 

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту