Иса Байзақов

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Иса Байзақов 1900 жылы 3 қазанда Павлодар облысының, Ертіс ауданында туған. Исаның әкесі Байзақ, өмір бойы бай есігінде жалшылықта жүрген кісі болатын. Ол анасынан жастай жетім қалды. Иса - екі ағайынды болатын. Оның ағасы Мұса колхоз құрылысына белсене атсалысып, «Үлгілі» колхозын өз қолымен ұйымдастырғандардың бірі болатын. Ол кісі 1933 жылы қайтыс болды. Исаның өзі, ағасы, әкесі 1916 жылға дейін қазақ байлары мен орыс кулактарының шөбін шауып, малын бақты.

1916 жылы Исаның ащы өлеңдеріне ерегіскен сол маңның болысы, байлары олардың үшеуін де, Сібірдегі Анжерка деген жерге шахтаға айдап жіберді.

Иса сонда жүріп, шахта астында ауыр азап шеккен еріксіз шерлі адамдардың мұңын шертіп, көңілін көтеретін жыршысы болып алды.

Исаны ең алғашқы ақындыққа баулыған, домбыра үйреткен ауыл арасында ақын аталып жүрген нағашы ағасы Рахмет деген кісі еді.

Бойында дарыны бар талапты жас қойшы ауыл арасында, ойын-тойларда суырылып өлең айтып, өнер сүйгіш еңбекші қауымның көзіне қаршадай кезінен түсе бастаған еді.

Иса сияқты дарынды қойшылардың бағына орай, бүкіл еңбекші халықтарға бақыт пен бостандық алып келген Кеңес үкіметі орнады. Бұрынғы коммунистік партиямыз алып берген еңбекші халқымыздың барлық рухани, бүкіл еңбекші халықтардың бақыты мен бостандығына сүйсініп, рухтанған қойшы Иса елінің ардақты ақындарының бірі болып, арманына жетті. Өзін мұндай дәрежеге көтерген Кеңес үкіметі екенін, орыс халқының туысқандық көмегі болғанын, Иса ақын шығармаларында өмір бойына құлшына жырлап өтті. Өз отанының адал патриоты болып келді, әдебиетіміздің тарихында солай болып қалады да.

«Жүз жыл өлмей жүрер ем,

Мұнан да көпті білер ем.

Дүниенің төрт бұрышы

Октябрьді тойлаған,

Еңбектен еңбек қайнаған

Тамашаның талайын

Өлмей жасап көрер ем», -

дейді Иса «Ұлы Октябрь» деген өлеңінде. Бұл социалистік отанымыздың Иса сияқты бел баласының айтатын сөзі болатын.

Ұлы Қазан социалистік революциясы оған қажымас қанат бітірді. Ол сонау Анжерка шахтасының түкпірінен бастап ұшып, кеңестік қазақ республикасының қайнаған өміріне құлшына араласқан.Павлодар, Семей, Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларында Иса өзінің ақындық дарынын шаршы топтың алдына сала бастаған. Қазақ халқының сол кездегі көрнекті ақын- жазушыларымен танысып, импровизатор ақындармен айтысып, өз қуатын танытқан. Ол сол кездердің өзінде Құдайберген, Құлтума сияқты небір ақындармен айтысып, жеңіп шығып отырған. Революциялық мерекелерде, не бір жиын тойларда суырылып топтан шығып, халқы алдында шабыттана сайрап, жұртшылықтың тілектеріне өлеңмен жауап беріп, халқымыздың ең дарынды импровизаторы деген атаққа ие болған.

Иса Байзақов 1925- 1930 жылдар аралығында қазақтың тұңғыш театрының артисі болып, қазақтың кеңес заманындағы өнердің негізін қалаушылардың бірі болды. Ол кездегі асқан әнші Әміре Қашаубаев, осы күнгі даңқты артистеріміз болған Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмірзақов, Қанабек Байсейітов, Күләш Байсейітова, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыровтармен бірге Иса тұңғыш ұлттық театрымыздың сахнасының көркі болғандығы біздерге мәлім. Исаның желдірмелерін, театрға жиылған жұртшылықтың тілек-талаптары бойынша қолма-қол шығарып айтатын өлеңдерін естуге ол кездегі еңбекші жұртшылығымыз қаншама құмар болғанын Исаның замандастары ұмытпақ емес.

Алашорданың ұлтшыл, кертартпа ақынсымақтары зарлап жатқан кездерінде Исаның алғыр, жарқын жырлары еңбекші халықтың алдында саңқылдады. Ол қазақтың кеңес әдебиетінің тұңғыш қайраткерлерінің қатарында болып, кеңестік патриотизмді мақтан етіп,оны жырлаумен болды. Оның даңқы бүкіл Қазақстанға тарады.

Исаның ең қадір тұтқаны, ең сүйсініп жырлағаны Ленин болды, оның мәңгілік ісі мен жолы болды деп жырлайды:

«Ленин өлді, пікірі оның өлген жоқ,

Ленин өлді, жолын ешкім жеңген жоқ.

Ленин бүкіл коммунистер жүрегі,

Жүрек оны өлді деп те сенген жоқ».

Исаның осы өлеңі 1924 жылдың қаңтарында жазылған еді. Кезінде данышпан көсеміміз болған Лениннің өзі өлсе де ісі өлмейтінін, оның ұлы туы мәңгі жеңе беретінін, Ленин бүкіл коммунистердің жүрегі екенін, ол жүрек соғуын тоқтатпайтынын ақын Иса сергек ақылмен түсіне білген.

Отанды, партияны шексіз сүйген ақын жүрегі қаршығадай самғап, көкке көтерілді. Келер заман күмбездеріне де көз тастады. Өзі жасап отырған дәуірдің қуанышы мен игілігіне құмарта құшақ жайды. Неғұрлым өнерлі, неғұрлым білімді болып, бойындағы бар қуатын жарыққа шығаруға ұмтылды. Өзі қуанып қабыл алған, өзі сүйсініп жырлаған туған елі, ту ұстаған жерінде Иса білім алды. Рабфакта оқып, әдебиет пен өнер өміріне белсене араласа отырып өсті. Соның арқасында ол А.С.Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Л.Толстой, М. Горький, А.Құнанбаев сияқты алыптардың еңбектерімен танысып, солардан үнемі үйреніп отырды. Социалистік Қазақстанның өміріне қызыға қарады. Қазақстанның талай жерлерін еркін аралап, халқының өмірі мен еңбегін өзінің шығармаларында арқау етіп жыр етті. Социалистік өміріміздің қай дәуірінде болмасын игілікті істерімізге ат салыспай қалған емес. Ол бес жылдықтардың күйі мен сырын құлшына жырлап келсе, Ұлы Отан соғысы жылдарында да ел арасында болып, халқымызды жеңіске шақырып, сан рет жырлады. Өзі сеніп жырлаған ұлы жеңістерімізді өз көзімен көріп кетті. Иса Байзақов 1946 жылдың күзінде қайтыс болғанда партиямыз бен үкіметіміз, халқымыз оны аса қадірлеп жөнелтті. Үкіметіміз оның еңбектерін жоғары бағалап, 1939 жылдың өзінде, қазақ жазушыларының алғашқы тобымен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады . Исаның өлеңдері мен поэмалары ылғи жарыққа шығарылып, халқымызға таратылып отырды. Оның еңбектері соңғы төрт жылдың ішінде мол данамен, жақсы безіндірумен екі рет басылды. Бүгінгі күні Иса ақынның 50 жасқа толғанын ерекше еске түсіріп отырсақ, бұл да үкіметіміз бен партиямыздың, халқымыздың Иса ақынды жоғары бағалап, қадір тұтып отырғанының айғағы.

Иса өзінің соңында мол еңбек қалдырған үлкен ақындардың бірі. Ол біздің әдебиетімізге алты-жеті ірі дастан беріп кетті. Оларды атап өтсек: «Құралай сұлу», «Алтай аясында», «Он бір күн, он бір түн», «Кавказ», «Ақбөпе», «Ұлы құрылыс». Бір поэмасын бітіріп үлгере алмай кетті. Онысы 1916 жыл уақиғасына арналған «Қырмызы Жанай» болатын. Бұлардан басқа Иса жүздеген өлеңдер жазды. Иса өлеңдері әлі де тегіс жиналып болған жоқ, оның ел арасына тарап, халыққа сіңісіп кеткен өлеңдері көп.

Иса өз өмірінде социалистік өміріміздің үгітшісі болған ақын. Сондықтан да, Исаның өлеңдері жарқын,яғни саяси лирикадан тұрады. Ол өзінің саяси лирикасын халыққа тарату жолында тамаша бір әдіс қолданды. Ол өз поэмасын музыкаға бөлей білді: бірнеше тамаша «желдірмелер» шығарған сазгер (композитор) – мелодист болды; Исаның «желдірмелері» бүкіл халқымызға жете тараған,саз (музыка) мәдениетімізге қосылған құнды шығармалар болып табылады. Иса әрі әнші, әрі артист. Ол сол өнерлерінің қайсысын болса да құр әуестеніп тапқан жоқ, халқына бар қуатымен қызмет ету үшін тапты да, өнерлерін өрістетіп, өсіріп отырды. Бірнеше өнердің басын қосып, топқа енген дарын иесі бүкіл халқына өте әйгілі, өте қадірлі болды.

Исаның саяси лирикасы мына тақырыптардан құралады: Ленин және партия туралы жырлар,Қазан (Октябрь) революциясы, біздің еңбек, шаттанған Алатау, Турксіб, Қызыл Армия, оның техникасы, Алтай жырлары, Қарағанды, Балқаш жырлары, жастар, пионерлер, колхозды ауыл, Май мерекесі, қысқасы бүкіл социалистік өміріміздің әр алуан тақырыбы Иса поэзиясынан мол орын алған.

Әрине, Иса лирикаларының көркемдік жағында кемшіліктер де жоқ емес. Бірақ идеясы жағынан жарқын, екпінді саяси лирикасымен жақсы агитатор бола білгендігі даусыз. Қазақтың академиялық драма театрының сахнасынан бастап, колхоз сахнасына дейін, халық ішіндегі той-думанға дейін араласқан Иса социализм құрушылардың қажырлы еңбегін, игілікті өмірін құлшына жырлаумен болды.

Иса дастандарының бесеуі ел аузындағы аңыздар бойынша жазылған дастандар. Тек «Он бір күн, он бір түн», «Ұлы құрылыс» поэмалары бүгінгі өміріміздің тақырыбынан алынған . Әрине Иса ақыннан бүгінгі күннің тақырыбына жазылған дастандарды біз көбірек күттік. Егер 46 жасында, талантының өрістеп тұрған кезінде қайтыс болмаса, Иса біздің тілегімізді де ақтайтын еді. Өмірінің соңғы кезінде, сырқаттанып жатқанының өзінде де, Ұлы Отан соғысының тақырыбынан «Мәңгілік батыр» атты дастан жазудың қамында болуы жаңағы пікірімізді дәлелдейді.

Иса халық аузындағы аңыздар бойынша бес дастан берді. Ол дастандарының қай-қайсысын болмасын белгілі идеялық мақсатпен алып жырлаған. Халыққа зәбір көрсетуші хандарға, басқаншыларға, байларға қарсы арпалысып өткен батырларды, ғашықтарды, ақын-әншілерді қадір тұта жырлау арқылы Иса еңбекші халықтың тарихына жақсы бағалар беруді көздейді. «Құралай мен Келден батыр», «Алтай аясындағы» Балағазы – Еркежен, «Кавказдағы» Бағыда – Зайда, «Ақбөпедегі» Ақбөпе – Әмірхан бейнелерін (образдарын) жасағанда Иса әрдайым оларды халық жағының өкілі етіп, оларға қарсы күштерді хан, бай, би, болыстар жағынан алуы – таптық, халықтық мақсат көздегенін мына үзіндіден көрінеді:

«Аруды Ақбөпедей ел жырлайды,

Бес кепе, бес арналы көл жырлайды»... –

деп келіп:

«Халықтың қасиетін жанмен ұққан,

Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды?

Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің

Рухы бізді де айт деп сыбырлайды», -

деуі Иса ақынның саналы мақсатынан туған айқын пікір.

Иса дастандарының ішіндегі ең көркемі «Құралай сұлу», одан соң «Кавказы», «Ақбөпесі» деуге болады. Бұл дастандары дұрыс басталып, дұрыс өрістейді де, дұрыс аяқталады. Бұл дастандарында Иса нағыз эпик ақынша алуан уақиғалардың арасына еркін еніп кетеді де, дастанның желісін адастырмай алып шығады. Ұсақ – түйек жәйттерге көп бөгелмей, кесек уақиғаларды тез ұтып отырады. Соның арқасында өз оқырманын аумақты ( көлемді) уақиғалармен қызықтырып отырады. Қазақтың табиғатын, әдет – ғұрпын, уақиға орнын жақсы білуінің арқасында Иса ақын еркін маневрлер жасап, мол уақиғаларды құбылтып алып кетеді.

«Құралай сұлу» поэмасы Монтай бидің жалғыз өліп арманда қалуы арқылы басталады. Оның сегіз ұлы, он сегіз ауылы болған Келден батыр армансыз дегенмен оны Монтай іздеп келді. Сонда Келденнің арманы арқылы Құралай сұлу уақиғасы басталып кетті. Құралай трагедиясы ол замандарда орындалмай, айдалада аңырап қалған арман болып аяқталды. Сол арманға өзек етіп жаугершілік заманды, қазақ халқының қалмақтардан көрген азабын алады. Иса Монтайды – би, Келденді – батыр бар деп атайды. Әрине, мұнысына қосыла алмаймыз. Бірақ оларға ақынның берген әрекетіне қарағанда, Келден ел қамын жеген, ел қорғаны батыр болып сипатталады. Мұнысы дұрыс. Осы жағын салмақтап алғанда, «Құралай сұлу» поэмасы көркем шыққан поэма.

Уақиғалы поэманы дамытудағы эпикалық шеберлікті «Кавказ», «Ақбөпе» шығармаларынан да көреміз. Ал, «Алтай аясында» дастаны туралы олай дей алмаймыз. Бұл өте ұзақ және толып жатқан ұтымсыз ұсақ жәйттер көп болып, арқауы бос шыққан дастан.

Иса дастандарын оқығанда ерекше көзге шалынатын осындай бір кемшіліктер бар ма дейміз.

«Құралай сұлу», «Қойшының ертегісі», «Алтай аясында» дастандарының уақиғалары бір жерде, яғни бәрі де Алтай, Тарбағатай таулары маңында болатындықтан және уақиғаларының өзі ұқсас болғандықтан бірін – бірі қайталаңқырап кетеді. Үшеуінде де қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік, үшеулерінде де сүйгендеріне қосыла алмай дауға түскен ғашықтар, үшеуінде де Алтай, Қара Ертіс, Тарбағатай суреттері.

Әрине, бұлай болған жерде оқырман жұртшылық жалығыңқырайды. Уақиғасы басқа жерлерде болғанмен «Ақбөпе», «Кавказ» поэмаларында да сол бір ғашықтық жыр болады. Бірақ бұл соңғы екі дастан алғашқы үшеуіндей бірін – бірі қайталай қоймайды.

Онан соң дастандарының кейбір өлеңдері көркемдік жағынан алғанда әлсіздеу. Дастанның мол уақиғаларын тез қамтып алуға асыққандай, кейбір өлеңдеріне жеткілікті еңбек сіңірілмеген болуы керек.

«Қабақты, қараторы, ұзын бойлы,

Кірпікті, бурыл сақал, терең ойлы,

Бұрылып үлкен мұрын, ойлы түспен

Халқына бір жағалай қарап қойды», -

дегенде Монтайдың бейнесі көз алдымызға елестейді. Осындай жақсы шыққан шумақтар,мысалы «Құралайда» көп- ақ.

Сонымен қатар мынандай өлең жолдар кездеседі:

«Оянды таста ұйықтаған таудың құсы,

Сәулемен араласқан жат дыбысы,

Шырлады бозторғайы ақ көденің

Сарғайып түрілген соң танның түсі», -

деген сияқты шумақтар да сол поэмада және басқаларында да кездесіп отырады.

...Осы поэмаға көп жерінде ұқсас жазылған «Алтай аясында» дастаны көркемдік жағынан босаңдау шыққанын жоғарыда айттық. Дегенмен де, Иса осы «Алтай аясындасынан» бастап бір мәнді мәселені дұрыс шешуге бет бұрды. Ол мәселе – сол жаугершілік замандағы қазақ халқының ішіндегі таптық тартыс мәселесі. Егер «Құралай сұлуда» бұл мәселе көмескілеу қалса, ал «Алтай аясында» мейлінше айқындалып, уақиға тартысын тудырған, шиеленістірген, келіспес күреске дейін апарған басты мәселе болып жырланды. Бұратана, кірме, әлсіз рудың адамдары Құбылай, Балағазы, Еркежан, Жоламандар қорлықты, азапты өр Найман ішіндегі Қаракерей, Құсан феодал бастаған шонжарлардан көрді. Қазақтың «бай байға құяды» деген мәтеліне сай, Құсандар Қалмақтың Ұрыңқай деген бегімен, Кәпін, Көбік деген басқыншылармен одақтасты. Екі жақтың қанаушылары бірігіп алып, кірме аз руға, жарлы ауылдарға жаһаннам орнатады. Бала – шағасын шулатып, азаматтарын қырып, мал-мүлкін тонап, Еркежан сықылды сұлуын бас етіп, күңдер мен құлдар әкетеді. Осы кезде Ұранқайлардан қорлық көрген Қаутін дейтін қалмақ жігітінің Балағазылар жағына шығып, Еркежанды азат етуге көмектесуі – бұл да таптық тартыстан туған жағдай.

Иса Байзақов «Ақбөпе» поэмасында да қазақ даласындағы таптық тартыстан туған хикаяны баяндайды. Мұндағы тартыс Қуандық ішіндегі кірме кедей Тәукен, Әмірхандар мен Ақажан, Әбіш, Құдияр секілді феодалдар арасында туды. Халыққа өнерімен жаққан әнші, әрі ер Әмірхан мен Ақбөпе арасындағы махаббатқа феодалдық жауыздық тор құрылады.

«Кавказ» поэмасындағы уақиғаны да тудыратын басты себеп тап тартысы екенін байқаймыз.

«Жетпістің жетеуінде кәрі Жүсіп,

Ешкімді тең көрмейтін кеуде ісіп,

Жыландай сүлік сорған сұп-сұр болып,

Кәрі бет арсыздыққа қалған пісіп...

Десе жұрт зар илейтін Жүсіп манап.

Өрлейді өзін жұртқа ие санап.

Омырау, еркінсінген төрт ұлы бар,

Жүргені қан қақсатып, кетсе жанап».

Міне, осындай жауыз манаптан жан түршігерлік қорлық көрген Бағыда деген жарлы жігітті ақын мұратына жеткізді. Жауыз Жүсіптің басына қара күн орнаттырды. Жүсіптің төрт баласы бірдей ұрыста өлді. Қызы Зайда әкесінің жауыздығынан безініп, Бағыдаға кетті. Ақыры жауыз Жүсіп өзін – өзі өлімге лақтырды. Бұл Иса ақынның қаламынан шыққан поэмалардың бір жақсы жазылған туындысы. Ақын Иса өз өмірінде Кавказ тауларында болмаса да, ол жердің табиғат суреттерін, тау халықтарының әдет – ғұрпын, мінез – құлықтарын мейлінше шебер суреттеген. Бұл оның А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов поэмаларын көп оқып, Кавказ халықтарының тарихы мен өміріне ақынша үңіле қарай білгендігінің нәтижесі.

Махаббат тақырыбына жазылған поэмаларының көпшілігінде ақын махаббатты азаттық символы ретінде алып отырды. Сол махаббатың қорғаушысы еңбекші халықтардың қамын жейтін ерлер деп қорытты. Ол махаббатты қорғаушылар хандар, манаптар, феодалдар екенін баса айтады. Құралай, Еркежан, Ақбөпе, Қарагөз сықылды образдары арқылы жалпы әйел жынысының бас бостандығын аңсай жырлайды. Исаның әйелдері азаттық жолында арпалысып күреске шыққан ер мінезді, қажырлы, қайратты, аналық ұлы қасиеттерді бойларына жиған адамдар болып келеді.

Солардың аңсаған армандарының бүгінгі күні іске асқандығының айғағы ретінде Иса ақын кеңес (совет) елінің батыр қыздарын сүйсіне жырлайды. «Он бір күн, он бір түн» поэмасындағы Марина Раскованың бейнесі (образы) бұған дәлел. Исаның қанаттанып аспанға ұшқан пилот қызды жырлауының өзі бүкіл әйел жынысының аспандаған арманының символы сияқты іспеттес.

Ақын Исаның «Ұлы құрылыс» атты поэмасында да сүйсінерлік жағдай көп. Мұнда да ақын адам баласының біздің ұлы Отанымызда іске асқан армандарын құмарта жырлады.

     Бір баяндаманың ішінде Исаның барлық әдеби мұрасына толық талдаулар жасау мүмкін емес. Иса ақынның 50 жасқа толған күнін ерекше еске алып отырған күнімізде мынадай бір тілек болу керек. Біздің сыншыларымыз бен әдебиетшілеріміз бұдан былайғы жерде ақынның мол мұрасын терең зерттеп толық анализдер жасаулары керек. Иса шығармаларын зерттеу жұмысы жаңа ғана басталып келе жатқандығы байқалады. Сыншыларымыз бен ғылыми әдебиетшілерімізден Иса туралы құнды еңбектер күтеміз.

Иса ақынның жарқын бейнесі көз алдымыздан кетпейді. Оның мол поэзиясы, дастандары, саяси өткір лирикалары әдебиетіміздің тарихынан өшпейтін мұра. Оның «желдірмелері» өнер сүйгіш халқымыздың аузында. Дастандары, өлеңдері талай жерде жатқа айтылып жүр. Осының бәрі ақын Исаны үкіметіміз бен партиямыз, халқымыз аяулы сеніммен қадірлейтіндігінің белгісі. Иса сияқты талантты тәрбиелеп өсірген, оның әдеби мұрасын халқымыздың кәдесіне жаратып отырған кеңес үкіметі, Лениннің ұлт саясаты болатын.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту