Жиембет жырау

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Жиембет Бартоғашұлы шамамен 1570-1575 жылдар аралығында туып, 1643 жылы дүниеден қайтқан. Қазақтың аса талантты жырауы, биі, әрі жеңімпаз батыры болған. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының Тана руынан шыкқан. Жиембеттің жас шағы қазіргі Батыс Қазақстан аймағының Өзен, Жем, Арал аралығындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласқан.Өсе келе ол Есім ханның беделді биі, әрі батыры дөрежесіне дейін көтерілді. Талай ұрыс, шайқастарға катысып, ерлік көрсетті. Ханның жауынгер жасағын баскарып, жеңімпаз қолбасшысы болды. Ол сонымен бірге Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүз еліндегі ең бір беделді бас биі ретінде танылды. Жиембет әсіресе 1620 жылғы Есім ханның ойрат-қалмақтармен соғысы кезінде ерекше ерлік, тапқырлық көрсетіп, шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін кайтарабілді.[1]. Жиембет жыраудың  үлкен  ерлігі мен әділ де алғыр билік қызметі туралы былай жазылған: "...Ол Есім ханның тұсында Кіші жүздің ел басқарушы биі, қолбасшы батыры болған. Қалмақтарға қарсы 1620-27 жылдары жорықтарға қатысып ұйымдастырушылық қабілетімен, ерлігімен көзге түскен". Сөйтіп ол үлкен абырой, беделге ие болды. Жиембет бидің Есім ханмен бұл достық қарым-қатынасы ұзаққа бармайды. Екеуінің арасында ел-аралық бітімгерлік, жер дауы, жесір дауы кезінде келіспеушілік өрістеді. Бетің бар, жүзің бар демей, турасын кесіп айтатын қайсар өжет би Есім ханның кейбір озбыр жөн-жосықсыз іс-әрекеттеріне қарсы шықты. Оның бұл мінезі ханға жақпайды. Сөйтіп хан мен бидің арасы суи бастады. Жиембет ханнан іргесін аулақтатып, қол астындағы елге өзінше билік жүргізе бастады. Мұны білген хан оның соңына түсіп, куғынға салды. Сондай бір кездесуде Жиембет жырау Есім ханға былай депті:

Еңсегей бойлы Ер Есім!

 Есім сені есірткен,

 Есілде менің кеңесім.

 Ел білгеннен Есім хан,

 Қолыңда болдым сүйесін,

 Қолтығыңа болдым демесін.

 Ертеңгі күн болғанда,

 Елің кеңес құрғанда,

 Айналып ақыл табарға,

 Есіктегі ебесін;

 Сонда ханым не десін?!

 Мен жоқ болсам, Есім хан,

 Ит түрткіні көресің.

 Жиембет қайда дегенде,

 Не деп жауап бересің?..

 Менімен ханым ойнаспа!

 Менің ерлігімді сұрасаң,

Жолбарыс пенен аюдай.

 Өрлігімді сұрасаң,

 Жылқыдағы асау тайыңдай.

 Зорлығымды сұрасаң,

 Бекіре менен жайындай.

 Беріктігімді сұрасаң,

 Қарағай менен қайыңдай.

 Көруші едім Есім хан,

 Ханымды - күнім, сізді - айымдай.

 Сырым саған түзуді,

 Садаққа салған бұлындай.

 Жұмыскерің мен едім,

 Сатып алған құлындай.

 Жүруші едім аранда,

 Өзіңнің інің мен ұлыңдай.

 Есімде мені сүймеуің,

 істетпекке қойған тілің деп.

 Мен өлсем құнсыз кетер деме сен,

 Кешегі өзіңнің ұрып өлтірген,

 Тілеуберді құлыңдай!

 Тілеуберді құлың мен емес,

 Менің ер екенімді көргенсің,

 Әуелден бірге жүргенсің,

 Дегенімді кылғансың,

 Қайратымды білгенсің,

 Аптықпа ханым, күңнен соң,

 Сіздің естен кеткенмен,

 Біздің естен кеткен жоқ.

 Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,

 Соқыр бурыл байталға,

 Сонда бір жайдақ мінгенсің.

 Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,

 Қаланың қасы бүлгенде,

 Хандар қалаға қылаған,

 Сұлтандар суға сылаған.

 Қаз мойынды Ханымша,

 Қалада тұрып жылаған.

 Тал шарбакқа мал сақтап,

 Тас қалада жан сақтап,

 Тасқан екен мына хан!

 Қайрылып қайыр қылуға,

 Қылғаның жоқ ұнаған.

 Қайратым қанша қайтса да,

 Мұныңа ханым, шыдаман!

 Арқаға карай көшермін.

 Алашыма ұран десермін,

 Ат құйрығын кесермін,

 Ат сауырсын берермін.

 Алыста дәурен сүрермін.

 Қарамасаң, ханым, қарама,

 Сенсіз де күнімді көрермін.

Міне содан бері бұл толғау ел жадында сақталып, жатқа жырланып бізге жеткен.

Хан мен би арасындағы сол бір келіспеушілік өрши түсті. Бұл жанжалға енді мынадай бір жесір дауы кеп жалғасты. Ол   былай болса керек: Қасым ханның атасы Тәуекел өліп, оның Ақторғын дейтін әйелі жесір калады. Ақторғын өзі сұлу, келбетті, әрі ақылды болса керек. Қасым ағасының жылы өткен соң Ақторғын жеңгесін әмеңгерлікпен жолмен өзі алмақ ойда жүреді. Ал, Ақторғын болса, өзі сүйетін Жолымбет нағашысының бір батыр Насат інісімен көңіл қосып жүріп, жүкті боп қалады. Мұны сезген Қасым хан енді бұрынғыдан да бетер қаһарланды. Жиембеттің батыр інісі Жолымбетті қарауындағы мың сан қолымен шүршіт соғысына айдайды. Әлгі батыр жігітті зынданға салды. Жиембет биді ойрат соғысынан қолға түскен құлдарға косып, жер аудармақ болды. Хан бұйрығы бойынша Жолымбет батыр өз сарбаздарымен шығысқа аттанып, алты ай дегенде зор жеңіспен, мол олжамен оралды. Жүздеген пенде шүршітті ханға әкеп сыйға тартты . Есім хан бір жағынан Жолымбеттің бұл ерлігіне риза болса да, екіншіден іштей оған деген өшпенділігін тастамайды, қайта өршіте түсті. Бір айтыс- тартыста Жолымбеттің көзін жоймақ боп оны әуелі зынданға тастап , артынан  дарға асылсын деп,дүйім жұртқа жар салады. Осы жарлықты есіткен Жиембет би дар басына жетеді, сөйтеді де анадай жерде би, батырлар ортасында тұрған Есім ханға тура барып былай деп зәрлі де, қаһарлы жырын термелейді:

Өмірің қатты, Есім хан,

 Бүлік салып бұйырдың.

 Басын бер деп батырдың,

 Қанын ішіп канбаққа,

 Жанын отқа салмаққа,

 Атадан жалғыз ол емес,

 Хан ие, ісің жол емес!

 Жолбарыстай Жолымбет,

 Құрбандыққа қол емес!

 Жол тосып алып кетіпті,

 Қалмақтан алмақ сыйыңды,

 Қаһарыңды басқалы,

 Қалың елім жиылды.

 Бастап келген өзге емес,

 Жиембет сынды биіңді,

 Малын салып алдыңа,

 Әр саладан құйылды.

 Он екі ата Байұлы,

 Бір Тәңірге сыйынды.

Жиембет жырау осылай дегенде, Есім хан  райынан қайтып, дар алдында тұрған Жолымбетті босаттырып жіберді.

- Жырауым, - дейді хан Жиембетке қарап - мен өзіңді сыйлап бір өтінішіңді қабыл алдым. Енді сіз де бұрынғы райыңыздан қайтарсыз?! - Қайтпағанда ше, хан ием, - деп би екі бүктелген бұзау тісті қамшысын төсіне басып оған ризалық білдіріпті дейді. Ханның Жолымбет батырды жазадан құтқарып, оның ағасы Жиембет биді риза етуінде үлкен мән бар. Жесір даулап бір батырды дарға асқанша, оның қарамағындағы қалың бұқара елді өзіне каратып, билік ауқымын бұрынғыдан да кеңейту, нығайту еді. Ол ең алдымен осыны ойлады. Егер осылай шешімге келмеген күнде, Жиембет жырау оның бұл озбырлығын бүкіл Жайық жағалауындағы елге жайып жіберуі мүмкін еді. Есім хан сөйтіп дегеніне жетті.

Дау-дамай саябыр тауып, ел арасы мамыражай тыныштық қалыпқа келді. Бірер жыл өткізіп алып Есім хан тағы да Жиембет бидің соңына түсті, ондағы мақсаты, Жиембет би ықпалында жүрген елдерді өзіне түгелдей каратып алып, өзінің хандық құзырын бұрынғыдан да кеңейту болатын. Оның бұл ойы Жиембет биді биліктен тайдырмайынша іске аспайтын еді. Сондықтан ол өзінің жендеттерін жұмсап Жиембетті қолға түсіріп , оны Қиыр Шығысқа жер аудару. Содан Жиембет би жат жерде азап шегіп күнелтеді. Бидің бұл жылдарғы хал-ахуалын бейнелейтін толғау, жырлары өте көп. Соның екі нұсқасын келтірейік:

Бірінші толғауы:

Басы саудың түгел - дүр,

 Толған тоғай малы - дүр.

 Тоқтамай соққан толағай,

 Толастар мезгіл жеткей-дүр.

 Керегеге ілінген,

 Шабылмаған семсер тұр.

 Жаудан алмай кегімді,

Есіл де өмір өткен құр.

 Азап шектім аралда.

Екінші толғауы:

Қол-аяғым бұғауда,

 Тарылды байтақ кең жерім!

 Арманда болып барамын,

 Қоштасуға аял жоқ,

 Қалқаман, Шолан ерлерім!

 Қайрылып кадам басарға,

 Күн болар ма мен сорға!

 Ханға қарсы тұрам деп.

 Түн ұйқымды бөлгенмін,

 Жұртымды жөнге салам деп.

 Бас кессе де басылмай,

 Ақ ісімді жасырмай,

 Атқа мінген ер едік.

 Қашырды бүйтіп елімнен,

 Күйеуден безген қатындай.

Өзен, Арал жерлерім,

 Қиядан қалды көрсеткен,

 Төбеңе шығар күн бар ма?

 Жотасы биік Дендерім,

 Қайырымсыз болған хандарға,

 Тиер ме екен бір күні,

 Жолбарыстай шеңгелім!

Сол айдаудан Жиембет би 1643 жылы ауылына қайтып оралды. Бұл кезде Есім хан өлгенді. Ел-жұрты, ағайын-туыстары өзінің сүйікті биі, талай ел қорғаны болған батырын зор құрмет көрсетіп қарсы алды. Төбесіне көтеріп оған сый-құрмет көрсетті. Айдау, бұғауда тапқан кесел, жарақатын жазуға көмектеседі. Бірақ жырау бұрынғыдай көсіліп жырлай алмайды. Дендеп кеткен ауру алмай қоймайды. Жетпістен асқан шағында бұл дүниемен коштасады. Біз Жиембеттің билік кызметіне қатысты сөз қозғадық, ал оның жыраулық таланты өз алдына арнайы сөз етуді кажет етеді. Жиембет жыраудың біраз толғаулары "Бес ғасыр" жинағында жарияланған.

 

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту