Базар Жырау Оңдасұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Базар Жырау Оңдасұлы Балқы Базар 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келді. 1911жылы Өзбекстанның Тамды ауданында, Жалпақтау деген жерде дүниеден озды. Руы –Шөмекей ішіндегі Балқы, сондықтан ел арасында Балқы Базар аталып кеткен. Болашақ жырау әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленген. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алды. Тәспен ауылына сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңіріне белгілі жыраулар жиі келіп, апталап-айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне бірден бір себеп, үлкен мектеп болды. Базар жырау 15 – 16 жасында бала жырау аттанды. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұлан-ғайыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар осы кезден бастап Ор төңірегін, Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұмды, Үргеніш, Хиуа жағын жырау ретінде аралайды.

Осы төңіректе кеңінен жайылған Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында болған кездерінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім дастандарды («Көроғлы», «Жүсіп – Ахмет», т.б.) қазақ тілінде жырлап, Сыр бойына таратты. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әминә қыз», «Айна – тарақ» дейтін шағын дастандар да шығарды. 1907 жылы Базар жырау Қазан қаласынан баспадан шыққан «Айман – Шолпан» жырын қайтадан жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз Жібек» жырына да көп өзгеріс енгізіп, қайта жырлап, ел арасына таратты. Мұның өзі Базар жыраудың нәзирашылдық жолды ұстанғанын байқатады. Жыраудың сол кездегі шығыс және ислам философиясымен жақсы таныс болғандығы анықталды .«Әр кемелге – бір сауал», «Тіршіліктің түрлері», «Керқұлан», «Кермиық», т.б. іргелі толғауларында ол өмірдің  мән-мағынасына көз жүгіртеді, тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамшылық пен зұлымдық хақында да тереңнен ой толғайды. Оның жырлары афоризмге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды ой елегінен өткізіп, қайтадан түрлендіріп, әрлеп, кейде тіптен басқаша мағына беріп, асқан шеберлікпен қолданды.

Сонымен қатар Лұқпан хакім, Қорқыт бабалардың да өнегелі сөздерін ретті жерінде жырға қосып отырды. Жыраудың жастық шақ, табиғаттың әртүрлі маусымы, туып-өскен жері, т.б. жайлы шығарған толғау-термелері де көп. Сараң байларға, қиянатшыл әкімдерге, арнаған сын-сықаққа толы, қазақтың ауызекі поэзиясындағы арнау-эпиграмма жанрында шығарылған бірқақпайлары да жетерлік. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқан, Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз даусына лайықтап, өлеңнің ырғағына орай сай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса мен толғауларды орындағанда неше түрлі құбылып отырды. Бұдан жыраудың сазгерлік қабілетінің де жоғары  болғанын байқаймыз.Жырау көзі тірісінде, әсіресе, қартайған шағында құрдасы әрі туысы  болып келетін Нұрымбеттің Төремұрат деген оқыған баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырларын, дастандарын хатқа түсірткен. Жыраудың өз айтуымен хатқа түскен 15 мың жолға жуық өлең-жырлары, 5 дастаны сақталған. Базар жырауды көзі тірісінде-ақ Сыр бойының жыраулары мен шайырлары өздеріне ұстаз тұтқан, оның өнегесін ұстанған. Базар жыраудың өлеңдері ХХғасырдан ғана баспа бетін көре бастады. 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағына, 1931 жылы жарық көрген «Қазақтың әдебиет нұсқалары» атты кітаптарға енді. Оның шығармаларын кезінде С. Сейфуллин, М. Жұмабаев аса жоғары баға беріп, Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы деп таныған.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту