Алмажан Азаматқызы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

1823- өлген жылы белгісіз

Алмажан   Азаматқызы   Нарынның Бекетай-Бесқасқа дейтін құмында 1823 жылы туған (Батыс Қазақстан облысы). Қай жылы өлгені жөнінде мәлімет жоқ. Әкесі Азамат        1836-37 жылдары Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысып,  сол көтерілісте ерлікпен қаза тапқан. Азаматтың артында Алмажан деген қызы, Төрежан деген ұлы қалды.

Алмажан жасынан ақын қыз атанып,  өз жанынан өлең  шығаратын болған.  Ол жөнінде бұрынғы Бөкей ордасының қазақтары арасында әр алуан аңыздар бар. Кейбір аңыздар ертегіге айналғанға ұқсайды.Атап айтқанда, «Өлең дарыған», «Түсімде Ерпалуан әулие, аян беріп толға» тағы сол сияқтылар. Қысқасы, ол қандай тақырыпта  болсын,  тез шығарып айта алатын,күшті қабілет иесі болатын.

Алмажаның шығарған өлең-жырлары  көп  болған.Оның атын сақтап, біздің дәуірімізге жеткен шығармасы - «Жетім қыз» атты поэма.   

Поэма Алмажанның  өз атынан  сөйленеді. Шешелері өлгеннен кейін, бір қыз, бір бала әкелерінің   тәрбиесінде қалады. Әкелері көтерілісте қайтыс болғаннан кейін, мал-мүлікке  ие болып қызы мен баласы  қалады.

             Нарын  құмындағы  елді билеген  тоғыз би  Алмажанның  мал-мүлкіне көз тігеді.  Қайратты ақын қыз бұған қарсылық білдіріп, ханға арыз айту үшін, інісін жетектеп, ханның ордасына  Жасқұсқа  жол тартады. Қыз кетерінде  атасына келіп, билерден   көрген  жәбірін жыр етеді.  Бұрын алыс  жолға шығып көрмеген  қыз бен жас бала жолда адасып, көп  зардап (мехнат) шегеді. Сөйтіп жүріп екеуі әрең  дегенде хан  қорығына жетті. Бірақ оған ханның  рұқсатынсыз  ешкімнің кіруіне болмайтынын, өз бетімен барушылар болса, жазаланатынын естіген қыз бір пәледен екінші пәлеге жолықтым деп ойлайды. Өстіп, қатты сасып тұрғанда,  оларға  Сағитжан деген әкесінің ескі досы кездеседі.  Қыз танып, өзінің хал-жайын түсіндіріп, хан ордасына апарып салуын сұрайды.  Сағитжан қыз бен баланың  мүшкіл халін көріп, қолынан келген көмегін көрсетеді. Екеуін ханның ордасына алып барады.  Хан ордасына келгесін де, Алмажанның ісі оңынан шешілмейді. Мұндағы билер Нарындағы  тоғыз биден олқы соқпайды.  Арыз айту үшін алыстан арып-ашып келген  қызды олар да тәлкекке салып, ханға жібермейді. Поэмада Алмажан олардың жауыздық ойларын әшкерелейді. Шығарманың қысқаша сюжеті осылай аяқталады.

Алмажан  Азаматқызы әдебиет тарихына биыл ғана енгізіліп, оның шығармалары енді ғана зерттелгелі отыр. Оның өлеңдерінен қолда бары - жоғарыдағы сюжетімен  бізді таныстырып өткен «Жетім қыз» поэмасы. Басқа өлеңдері әлі қолға түскен жоқ. Осы бір ғана поэмасымен де оны әдебиет тарихына енгізу төрт түрлі себеппен орынды тәрізді.     

 Біріншіден, қазақ халқының тарихында  даңқы жер жарған талай ақын қыздардың болғанын оқушылар жұршылығы жақсы біледі.Олар  Сара, Жантолы,  Рысжан, Жібек, Табия т.б.  Бұлардың ақындығы, шешендігі халыққа мәлім.   Топтан торай шалдырмаған  санлақтармен айтыста талайын сүріндіріп кеткендері де аз емес.Өкініштісі,    сол ақын қыздардың аттары тек айтыс өлеңдерде ғана кездеседі. Бірақ,әлеуметтік мәні бар, жеке тақырыптарға  шығарған лирикалық, не болмаса эпикалық жанрда   өз аттарынан сақталып қалған өлеңдері жоқ.  Алмажан - қазақ әдебиеті тарихында өз кезіндегі  ел өмірімен байланысты өте бір керекті мәселені қамтыған  бірінші қазақ қызы.  Оның,яғни Алмажанның «Жетім қыз» поэмасының халық ойында  сақталып,  біздің дәуірімізге жетуі, оны әдебиет тарихына енгізу керектігін талап етеді.

Екіншіден, Алмажан поэмасы Исатай, Махамбет  бастаған шаруалар көтерілісімен тікелей байланысты.  Көтерілістің алғашқы жеңілген кезіндегі бір эпизодын және сол жеңілген  халықтың қандай дәрежеде күйзелгенін, сонымен қатар хан, сұлтан, билер көтеріліске шыққанда, қатысушылардың қандай жәбір көргенін көрсетеді. «Жетім қыз» поэмасы Махамбет өлеңдерінде  суреттелетін өмір  шындығын растай, дәлелдей түседі.

Үшіншіден, біз XIX ғасырдың бірінші  жартысындағы әдебиетімізде екі түрлі әдеби бағыт болды десек,  оны бір адам ғана жасаған жоқ.  Әдебиет тарихында   белгілі бір  әдеби бағыт болса, сол бағытты бастаушы, негізін салушысы болуымен қатар,  оның өзінен басқа да сол үлгіде жазған өлең шығарушылары да болуы керек. Идеялық бағытты  көздеген мақсаты,  көркемдік ерекшеліктері, тілі бір-бірімен сабақтас бірнеше ақындардың болуы әдебиет бағытын не әдеби стильді туғызатындығы белгілі қағида.  Егер сол дәуірдегі әдеби бағыттың басы, негізін қалаушы Махамбет десек, Алмажанды сол бағытқа  тек үн қосушы ғана емес, үлес те қосушы ақын деуге болады.

Төртіншіден, Алмажан поэмасының көлемі шағын болса да, ол өз кезіндегі тарихи, әлеуметтік  жағдайлармен байланысты туды және соны шебер суреттейтін, шын мәніндегі көркем поэманың санатына қосылды.  Міне, осы жайттардың жиынтығы келіп, басқа ақындармен қатар, Алмажанның да әдебиет тарихына енгізілуі керек екендігін мойындатады.

Енді «Жетім қыз» поэмасының өзіне тоқталсақ.

Біз жоғарыда  келтірген поэма автордың  өз атынан баяндалады дедік.  Бірақ  ол түгелдей жалаң баяндаудан құрылмайды. Айтайын деген ойын, көрсетейін деген нәрсесін өмір құбылысына сәйкес келтіреді,яғни  суреттеудің алуан  түрін жиі қолданады.

Поэма - нақтылы өмір шындығы. Алмажан өзінің билерден көрген зорлық-  зомбылығын,  басынан кешірген ауыр тұрмысын, көрген күйінішін, сондай-ақ  қиын-қыстау жағдайда басқалардың өзіне деген  көзқарасын шығармада өз қалпында  әдемілеп айтып берді. Тарихи жағдайға, әр алуан өмір  құбылысына терең бойлап, кеңінен шолып,   қорытуды Алмажан  өзіне мақсат етіп қоймайды.  Одан оны  талап ету де артық болар еді.  Ол өзінің көргенін, сезгенін ғана суреттеген.  Соның өзінен де  өз заманының шындығы айқын көрінеді.

Ең алдымен, 1837  жылы Исатай, Махамбет бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырайды, кейін  ханның  бұйрығы бойынша, көтеріліске шыққан қатысушылардың өздерін ұстап, Орынборға, Сібірге айдататты, мал-мүлкін талан-таражға салу шарасы қолданылды.  Жергілікті жерлерде мұны орындаушылар ханның сенімді билері еді.   Олар хан бұйрығын орындаумен қатар, өздерінің бас пайдаларын да  ұмытқан жоқ.  Нарындағы тоғыз би туралы айтқаны:

Бар сенгенім тоғыз би,

 Өзіме қарай тап берді.

 Қорғауға қара таппадым,

 Шағынайын енді кімдерге?

 Атамнан қалған малды алдың,                                                                               

 Мойыныма қой кінәмді,

 Жазығым не, билер, сіздерге?»...

 Атаға нәлет тоғыз би,

 Адастырды-ау жөнімнен.

 Адастырған емей немене

 Зорлық етіп айырдың,

 Ата бір қоныс жерімнен

 Сөйлесе билер сөз қалмас,

 Алмаш сынды «көрімнен».

 Екі бірдей жетімді,

 Жайсыз жерде жылатып,

 Қорқыныш жоқ, тоғыз би,

 Нәубетті кезек өлімнен.

 ... Атамнан қалған малды алдың,

 Ең болмаса, тоғыз би,

 Шыдамадың қырқына-ай!» -

 дейді.

Нарындағы тоғыз би  Азаматтың малын ғана алып  қоймайды,  сонымен қатар оған рухани, моральдық та жәбірлер көрсетеді.  Әуелі алдап ,кейін қармағына түсірмекші болады.  Інісін құл, өзін күң етіп, тоқалдыққа алуды ойлайды. Билердің бұл арам ойларын түсінген қайратты қыз олардың айтқандарына көнбегесін,оны зорлауға көшеді.

             Атасымен қоштасар кезде айтқаны:

 Атаңа нәлет тоғыз би,

 Қызылы сөнбей сәуленің,

 Жетімге келіп қол салып

 Дұшпанға қойды  табаға.

 Билерден қорлық көргенсін,

 Шыдамай кетіп барамын

 Төрежан сынды балаға...

 Қызымен жасты Алмашты

 «Аламын » деп тап берді,

 Нарындағы тоғыз залымда

 Ойласам, ата, дін бар ма? –

дейді.

Поэманың бас қаһарманы - Алмажанның өзі.Оның атасына, әкесінің  ескі досы  Сағитжан ноғайға және хан ордасындағы билерге  айтқан  сөздерінен қыздың басына түскен ауыр хал де, өзінің ақыл-қайраты да,  билерге деген өшпенділігі де, ой-санасының сәбилігі де, нанғыштығы да поэмада  жақсы көрініс табады.

Алмажан жас. Өмір тартысының көп жақтары  оған әлі түсініксіз. Сондықтан ол әлі де болса, ханда әділдік бар деп сенеді.  «Жауыздықты жасаушы билердің өзі, оған ханның қатысы  жоқ. Ханға барсам, ісім жөнделеді», - деп ұғады.  Шындығында да бұл тәрізді іс-әрекеттің түп-тамыры сол ханның өзінде жатқандығына оның көзі жетпейді.

Алмажанның сөздеріне қарағанда біздің көз алдымызға  албырт, ержүрек қыздың бейнесі елестейді. Тоғыз бидің қаһарынан қорқып, басқалар оның маңына жолауға жарамайтын,  өзгеге сүйенері де, сенері де жоқ қыз ,жалғыз өзі тоғыз биге қарсы күреске шығады.Жолында сүрлеуі көп алыс жол, сусыз  шөлейттер кездеседі.  Алдында қиындықтар көп тұрса да, ол кешегі Азамат ердің  қызы болғандықтан, намысын аяққа бастыруды өзіне ар санайды. Оның інісіне айтқан сөздерін мына жайттардан  толық  аңғарамыз:

 Толықсыған көңілім

 Басылмайды, қарағым,

 Тоғыз биден кек алмай.

 Атаңа нәлет тоғыз би,

 Қаңғыртып бізді жіберді-ау,

 Дүние-малды көре алмай.

 Билерден қорлық көрген соң,

 Келемін іздеп Жәңгірді,

 Жата алмадым үйімде

 Ел, жұртымнан ұялмай, -

 дейді.

Жолдың қиыншылығына шыдай алмай, зарыққан інісін жұбатқанда  да әкесінің атына кір келтірмеуді  бедел тұтады. Оған мына өлең  шумақтары куә:

 Тар жерде жылау лайық па,

 Азамат ердің баласы,

 Төрежан деген басыңа

Алмажанның әкесі қатардағы  жай ғана адам ғана емес,  танымал ерлердің бірі екендігін, Алмажанның әкесінің ескі досы Сағитжан ноғаймен сөйлескендегі сөзінен де аңғарылады:

 Кешегі кеткен әке екем,

 Ерлігін оның сұрасаң,

 Ер Әліден кем емес,

 Өз дегені болмаса.

 Пенденің тілін алмаған.

 Ақылы артық арыстан

 Озып еді байтақтан

 Үзілсе арқау жалғаған, -

  дейді.

«Жетім қыз»  поэмасында өмір  шындығының ерекше  көзге түсетін бір эпизоды Алмажанның хан ордасына барып, ондағы билермен кездесуі деуге болады. Жауыздық, ордадан алыс жатқан  Нарында ғана емес, ханның өз айналасында екенін Алмажан бірден ұғынады.  Ханға шағымын айтып, тоғыз биден теңдік аламын деп келген қызға зұлымдықтың ең күшті түрі осы хан орданың  маңында екендігі анықталады.  Алмажан орданың  маңындағы билерге айтқан сөзі:

 Елім бір көшті талдауға,

 Талдаудың түбін барлауға.

 Сұрамай жөнімді ұстадың,

 Екі бірдей жас жетім.

 Көрінді ме оп-оңай,

 Билерім сізге алдауға.

 Алыстан іздеп келгенде,

 Сендерден қорлық көргенім.

 Нарындағы тоғыз залымнан

 Құтылдым деген сұм басым,

 Қайтадан түстім байлауға.

 Ай жалыны айда екен,

 Күн жалыны күнде екен,

 Орданың басшы билері,

 Қас-қасқырлар мында екен.

 Арызға  келген жетімді

 Жібермей жолдан тоқтату

 Билерім, сізге жөн бе екен?

 Нарындағы тоғыз залымнан

 Құтылдым деген сұм басым,

 Онан да зорлар мұнда екен... -

 дейді.

Не деген тамаша айтылған сөз!  Хан маңындағы билердің  сыртқы портреттері берілмесе де, олардың ішкі портреттері көз алдыңда тұрмай ма? Құлқынның құлы - құзғын, адамдық арын аяққа басқан, аяушылық сезімі  сөнген топас, жауыздықты жолдас еткен хан маңындағы не  сұм-сұрқиялардың психологиясын сезінгендей болмайсың ба?

Басқа ақындармен салыстырғанда, Алмажанның өзіне тән бір ерекшелігі -  поэмада суреттелген өмір құбылыстарының  табиғилығы.

Ересек  ақындар өмірдің әр алуан жақтарына сарқыла қарап, өмір шындығын ой-сезім түйсігіне қандырып барып, ой елегінен өткізіп, көзге елестетсе,  Алмажан поэмасы жетім қыз бен жетім баламен еріп жүрген сол кездегі шындықтың бір бөлшегі тәрізді.  Поэманың идеялық құндылығы да осында жатыр.

Поэманың мазмұнына түрі сай.  Ең алдымен, бұл лирика-психологиялық  поэмалардың бір түріне жатады.  Автордың ой-өрісіне қарай, айналасындағы өмір құбылысына сай өзінің қарым-қатынасын, көзқарасын көрсете отырып, оны өз басындағы ауыр тұрмыспен  тығыз байланыстырып,  өзінің күйініштерін қоса жырлауы - лирикалық элементтердің де, кейбір бөлімдерінде қайғылы жан,яғни  жабырқау көңілдің лебі ескендей әсер етушілік - поэмадағы  психологиялық сәттер,оны мына өлең  шумақтарынан көруге болады:

 Қанаттасым жалғызым,

 Тар жерде жылап жасыма...

 Жылағаның қоймасаң,

 Кешегі кеткен әке екең,

 Балапан болып жүзбей ме,

 Көзіңнен аққан жасыңа?

 Көзіңнен аққан қанды жас

 Араласып у болды

 Ішейін деген асыма.

 Құлан бір түзде, қу көлде,

 Көңіліңді бұзып, қамығып,

 Жылай да берме, шырағым,

 Алмажан сынды апа екең,

 Құрбандық болсын басыңа!

Тек бұл ғана емес,  осы тәрізді өз басындағы күйініш, психологиялық сезім дүниесін тамаша шебер түрде  суреттейтін эпизодтар поэмада жиі ұшырайды.

Поэма тілі жағынан да құнды. Алмажанның  тіл байлығы, қолданған сөз образдарының шебер, өмір шындығына дәл келушілігі және суреттеу құралы есебінде қолданылатын  сөздіктерінің әйел-қыз  ақындарға ғана тән болып келушілігі, жас та болса,  оның күшті ақын екендігін дәлелдейді.

 Қараша құс мекендер

 Қарағай, қайың тал басын.

 Киік, құлан мекендер

 Асқар таудың жал басын.

Осы үзіндідегі  сөздер өмір шындығының дәлдігі жағынан алсақ,  мына сөзі теріс қолданған екен деп таласу қиын. Егер бұл жерде құс пен аңдардың өміріне  дәл шындықты ғана көрсетсе, төмендегі үзіндіде ақын дәл осы тәрізді сөздерді қолдана отырып,  басқаша мақсат қояды.

 Қаршыға құстың баласы

 Ұшады заулап алысқа,

 Қонады зәулім көз жетпес,

 Бәйтерек басы шалысқа.

 Арғымақтан туған қазанат

 Болдырмайды шабысқа.

 Асылдан қалған тұяғым,

 Билерден қорлық көрген соң,

 Шыдамай шықтым намысқа.

Қаршығаның алысқа ұшып, биікке қонуы, қазанаттың шабысқа  болдырмауы, намысына шыдамай шыққан өзінің асыл  ердің ұрпағы  екендігіне сәйкес қолданылады.  Сонымен қатар бұл үзіндідегі сөз образдары өмір шындығымен  нақтылы түрде қабысады.

Бұл келтірген үзінділерден  басқа да поэмада  әдемі теңеу,  көркем эпитет, метафора және фигуралардың да неше алуан түрлері кездеседі.  Олардың әрқайсысына жеке тоқтап жатудың керегі аз.  Өйткені  бүгінгі оқушы жұртшылығымыздың поэтикалық тілдерді өз бетімен айыра алатын теориялық мәліметі мол. Сондықтан біз поэманың  тіліндегі өзіне тән ерекшелігі жайлы бір-екі ауыз ғана сөз айтуға тура келеді.

Әр ақынның сөздігі, образ қолданысы  оның көзқарасын ашуда көп нәрсені аңғартады. Ой-санасының өрісі, өскен ортасы, әлеуметтік өмірде алатын орны, тіршілігі, өзінің немен шұғылданып не нәрсені өнер тұтқаны - бәрі де олардың сөздігінен байқалады. Аңшылықты кәсіп  еткен  ақындардың тілінен аңшылықпен байланысты сөз образдарын жиі ұшыратсақ, мал шаруашылығымен не егін шаруашылығымен көзі шыққан ақындардың өлеңдерінен сол кәсіптерімен байланысты сөз образдарын молырақ кездестіреміз. Мал  өмірінен алынған теңеу,  метафоралар  қазақ ақындарының  барлығында да  көп ұшырайтындығы - сол өмір тіршілігімен байланысты.

Осы тұрғыдан қарағанда,  Алмажанның поэмасында,  авторы қыз бала болғандықтан, үй іші, жасау-жабдықтармен байланысты жасалған теңеу, эпитет, метафора, солар сықылды поэтикалық тілдердің басқа түрлері де көп кездеседі.

Мақпал бір ойсам жарасар,

 Алтын сандық зерлерге...

 Алтын зер салсам жарасар,

 Қара мауыт жағаға.

 Қой айдаттым базарға

 Алтынды, күміс теңгеге.

 Жасау бір жидым жайнатып,

 Қарағайдан салған бөлмеге...

 Кешегі әкем барында,

 Арғымақ міндім жорға деп.

 Сағитжан аға, білмейсіз,

 Жөнімді саған айтайын:

 Азамат ердің қызы едім,

 Менің атым - Алмажан

 Сіздің келген уақытта

 Тоғыз жасар қыз едім,

 Тұлымшағымды салмаған.

 Он төртіме келгенде

 Салиқалы қыз болдым.

 Жібектей шашым талдаған.

 Пиялай кескен қолымнан,

 Сұңқарым қашып кеткен соң

 Нарындағы тоғыз би

 Біздерді келіп алдаған.

 Сусынына шай ішіп,

 Бастығына бал жеген...

 Бұл үзінділердегі сөз образдарын  тек қыздардан шыққан ақындар ғана тауып қолдануы мүмкін. Тек қыз ақынға ғана тән образдар.

 «Жетім қыз» поэмасында  үлкен арманын, мұңын, кейде аңсаған тілекке өмір шындығы керісінше келіп,  үмітінің үзіліп кетушілігін сол өз айналасындағы әйел-қыздардың күнделікті тіршілігімен  байланысты сөздер арқылы  да оп-оңай айтып береді. Поэманың  бір жерінде әкесінің ел үшін еңбек еткен  адам екендігін, қандай қиындықты болсын жеңіп, көпшілік тілегінің орындалуына сеп болған адамдардың бірі болғандығын қарапайым ғана сөздермен тамаша, шебер түрде айтып берді.

 Ақылы артық арыстаным

 Озып еді байтақтан

 Үзілсе арқау жалғаған.

 Осы үзіндідегі «Арқаудың үзілуі» тәрізді жай, қарапайым  сөздерді өз орнына қолдану арқылы поэтикалық контраст жасау шын шеберлікті  талғайды. Әкесінің  өлімін суреттеген  тағы бір жерінде  шендестіру мен әсірелеуді шебер қолданылғанын  көреміз. Мысалы:

 Алтын  туы жығылды,

 Мысыр сынды қаланың -

 Делбесі жібек үзілді.

 Күймелі күміс шананың.

 Қорыта айтқанда, Алмажанның поэмасы  өз кезіндегі  өмір шындығының бір алуан көрінісін көзге елестететін, мазмұны  халықтық, көркемдігі күшті поэманың бірі. Ондай поэманың авторы Алмажан Азаматқызының әдебиет тарихынан  заңды түрде орын алып, XIX ғасырдағы санаулы  ақындарымыздың бірі ретінде  есептелінуі керек.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту