Ақылбай Абайұлы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Ақын.

 1861 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Шыңғыстау қонысында туған.

 Абайдың үлкен ұлы. Атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болған. Абайдың бәйбішесі Ділдәдан туған тұңғыш баласы, кішкене кезінен Нұрғанымның бауырында болған. 9-10 жас шамасында Құнанбайдың указной молдасы атанған Ғабитханнан 4-5 жыл ғана білім алған. Домбыра, сырнай, скрипкада шебер ойнайтын ол сауық-сайран қуып ел ішінде "Құнанбайдың мырзасы" атанады. Абайдың "Ата-анаға көз қуаныш" деген өлеңі жігіт ағасы болып қалған Ақылбайға үлкен әсер етіп, толғантады. Ол енді өзін Абай алдында ақын, сазгер, өнерлі інісі сезініп, Ақыл аға болады.

 Сазгерлік талантымен де халыққа танылған. «Бір ән тауып Әлекең бер деген соң» деп басталатын әні халық арасына кең тараған. Орыс, Еуропа әдебиетімен өз бетінше оқып танысқан. Жат елге бара жатып әнші Әлмағамбет: "Ақыл аға, бір жаңа ән тауып беріңізші", - дегенде қолма-қол шығарған әні:

 Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,

 Матайды алыс бірталай жер деген соң.

 Он минутта ойыма осы ән түсті,

 Қапаш-құпаш қолымды сермеген соң.

 Ішік кидім бұлғыннан құндыз жаға,

 Жас дәуренді өткіздік бермей баға.

 "Ақылжан" деп жүруші ед талай қыздар,

 Сұмдық шықты дейтұғын "Ақыл аға", - деп келетін шығармасы жас талант Жәнібек Кәрменовтың "Ақылбайдың әні" атты әңгімесінде тамаша суреттелген.

 Ақылбайдың жастық, махаббат тақырыбына жазған бірқыдыру өлеңдері болған. Сондай-ақ Әбдірахманға, Мағауияға (1904) шығарған жоқтаулары бар.

 Ақылбай қазақ әдебиетінде Кавказды тұңғыш жырлаған ақын. Әкесі Абайдың кеңесі бойынша үш поэма жазған. «Зұлыс» поэмасының оқиғасы ағылшын жазушысы Г.Хаггарттың (1856-1925) «Сүлеймен патшаның кеніші» атты әйгілі романынан алынған. Бұл поэма толық сақталмаған. «Жаррах» поэмасы мүлде жоғалып кеткен. Толық сақталған «Дағыстан» поэмасының тақырыбы - әділет пен зұлымдық күресі. Дастанға Дағыстан елінде, Кавказда болған оқиға өзек етіп алынғанымен, қазақ өмірі үшін зор мәні бар әлеуметтік мәселелер көтерілген. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпаққа Ақылбайдың 4-5 лирикалық өлеңі ғана жетті.

 Ол әкесі Абаймен бірге 1893-94 жылдары Семей қаласындағы бастауыш білім беру ісіне қамқорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болған, сөйтіп елінің мәдени-ағарту ісіне атсалысқан адам.

 Ақылбай бейіті Абай ауданында, өз қыстағы Тышқан бұлағының қасында. Оны 1993 жылы қайта көтеріп, ұлу тастан ескерткіш-мазар тұрғызылды.

 Абайұлы Ақылбай 1904 жылы Семейде қайтыс болды.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту