27-01

Еліміз еңселене түседі

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің мол тәжірибелі депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВПЕН Жаңа жыл қарсаңында Елбасы Н.Назарбаевтың Ұлт жоспары мен Жолдауы туралы әңгімелесіп, ел болашағы туралы пікірін білген едік.

– Мемлекет басшысының жыл сайынғы әрбір Жолдауы еліміздің дамуына тың серпін беретін, халықтың хал-ахуалын жақсартып, әлеуетін арттыруға септігін тигізетін маңызды бағдарламаға айналған. Ағымдағы жылдың 30 қарашасында жария еткен Жолдауында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету!» деген болатын.

Сол сияқты, алдымыздағы дағдарысқа қарсы бағытталған іс-қимылға қатысты Елбасы өзінің «100 нақты қадам» атты Ұлт жос­пары шеңберінде көрсетілген реформалық шараларда нақтылап айтқан болатын.

– Бұл шаралар қай бағыттар бойынша іске асырылуы керек деп ойлайсыз?

– Жаңа құрылымдық эконо­миканы қалыптастыру үшін бірін­шіден қаржы секторын тұрақ­тандыру және бюджет саяса­тын оңтайландыру қажет. Осыған байланысты Елбасы Жол­дауында барлық бюджеттік бағ­дарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырды. Бізде бас-аяғы толық жетілдірілмей, қисы­ны қиюластырылмаған бағдар­ламалар жетерлік. Оның себебі, бағдарламаларды жасауға жергі­лікті мамандар – ел жайын, жер ерек­шеліктерін жетік білетін адамдар араластырылмай, тек теориялық біліммен қанағаттанған мамандар ғана тартылады. Жер ерекшеліктерін білмегендіктен олар барлық өңірлерге көбінесе бір түрлі тариф қарастырады да, ол көп қаражат талап етілетін өңірге жетпей, керісінше, шығыны аз жерлерде артылып қалып жатады.

Мәселен, суландыру мә­селе­сінде осындай олқылықтарды кө­ріп жүрміз. Өкінішке қарай, олардың жетіспейтін жақтарын саралайтын білікті комиссиялар да аз. Сон­дық­тан да Елбасы оларды ревизиялау қажеттігін тапсырып отыр. Енді Үкімет бұл істерге практик мамандарды тартса дұрыс болар еді.

– Суландыру мәселесін айтып қалдыңыз, сіздің жайылым туралы заң жобасын әзірлеп, Үкіметке ұсынғаныңызды білеміз. Бұл заң жобасы нені көздейді?

– Осы заң жобасымен айналыс­қаныма біршама уақыт болды. Қазір ол Үкіметтің қарауында жатыр. Жа­ңа жылдан кейін Мәжілістің қа­рауына берілер деген үмітім бар. Елбасы өзінің 5 институттық реформа, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарындағы 35-қадамда ауыл­шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу қажет­тігін атап өтті. Осыған сәйкес Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне өзгерістер енгізу қажет­тігін атады. Біздің әзірлеген заң жо­бамыз нақ осы қадамдағы талапты іске асыруды көздейді. Біз­дің елімізде 187 миллион гектар жайылымдық жер бар. Бүгінгі күні оның 43 пайызы ғана пайдаланылуда. Елбасы ата кәсіпті қайтадан қолға алып, алыс жайлауларды пайдаланып, мал өсіріп, ет, сүт өнімдерін өндіруді арттыру қажеттігін алға қойды. Ендеше, осынша ұлан-байтақ жерді, жайылымдарды неге тиімді пайдаланбасқа? Ал оларды тиімді пайдалану үшін суландыру керек. «Агробизнес-2020» бағдарламасына сәйкес бұл іске 27,2 млрд. теңге қарастырылған. Алайда, соны заңнамалық тұрғыдан тиімді пайдалану тетігі жасалмаған еді. Жайылымдардың да күздік, жаздық ерекшеліктері бар. Біздің заң жобамыз осылардың бәрін ескеріп, жайылымдарды суландыру мен пайдаланудың заңнамалық тетіктерін қарастырған. Ол туралы кейін, «Егемен Қазақстанның» оқырмандарына кеңірек айтып беруге тырысамын.

– Дағдарыстан шығу жолдары туралы Елбасы Жолдауындағы тағы қандай тапсырмаларға көңіл аударар едіңіз?

– Елбасы бюджетті оңтай­лан­дырудың нәтижесінде босаған қаржының бәрін халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажеттігін атап айтты. Меніңше бұл жобалардың ішінде аймақішілік жолдар мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс. Қазір аймақаралық жолдар біршама түзелгенімен аудан орталықтары мен ауылдар арасындағы жолдардың адам төзгісіз екендігі үнемі айтылып жүр. Ауыр салмақты жүк машиналары өткен жолдардың бәрі дереу істен шығып, езіліп қалады. Демек, жол жөндеушілер мен жол салушылардың қолданылып жүрген технологиялары ескірген, олар жаңа, жетілген технологияны қолдануға мүдделі емес. Мүмкін өздеріне үнемі жұмыс болуын көздейтін шығар. Осы мәселені Үкімет тікелей қадағалауына алатын мезгіл жетті.

Бүгінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ішкі ресурстарды барынша босатудың маңызы зор, деді Елбасы. Осы бағытта кең ауқымды жекешелендіру мен бәсекелестікті ұлғайту керектігі айтылды. Қазір бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде. Елбасы кең ауқымды жекеше­ле­н­діруді бастаудың толғағы жеткен­дігін атап өтті. Біз мемлекет мен­шігін жекешелендіруден шошынатын заманды басымыздан баяғыда өткергенбіз, керісінше, жекешеленген өндірістердің тиімді жұмыс істейтінін де көріп жүрміз. Жолдауда Президент мемлекеттік сектор қазір 7 мыңнан астам кәсіпорындарға жеткенін атап өтті. Соның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының активтері 500-ден астам «немерелер» мен «шөберелерден» тұрады екен. Осы тенденция сақталатын болса олардың саны мыңнан да асып кетері сөзсіз. Олардың бәріне тиімді бақылау жасауға қордың шамасы жетпесі де белгілі. Міне, осылардың бәрін жекешелендіру мемлекетке тиімді болары сөзсіз.

Сонымен қатар, бағаны бір қалыпты ұстауға және инфляция­ны 2020 жылға дейін 6-8 пайыздан 3-4 пайызға дейін төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асыру қажет. Сол сияқты зейнеткерлік активтерді инвестициялау тәсілдерін және проблемалы кредиттер қорын қайта қарау болып табылады.

Бұдан басқа 2017-2019 жыл­дарға арналған республикалық бюд­жетті қалыптастыру барысында тиім­сіз шығыстарды алып тастау ар­қылы бюджет шығыстарын оңтай­ландыру және бюджеттік бағдар­ламаларға толық ревизия жүргізуге бағытталған.

– 2016 жылы өнеркәсіпте қан­дай өзгерістер болғанын қа­лай­сыз?

– 2016 жыл ішінде Австралия мен Бразилияның тәжірибесі бо­йынша АӨК-ті дамытудың негізгі назары инфрақұрылым құру мен жаңа технологиялар енгізуге ауысатын болады. Мұнай-газ секторындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыру қолға алынғаны дұрыс. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында атап өткеніндей жаңа әлеуметтік саясат шеңберінде 2016 жылғы наурызға дейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» өзектендірілетін болады екен. Бұл да өте құптарлық мәселе. Сол сияқты, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық сақтауды дамытудың» мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ, «Білім және ғылымды дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының жобасы дайындалуда. Бұл жердегі бір маңызды мәселе ол 2017 жылдан бастап білім беру саласында «Баршаға арналған кәсіптік-техникалық тегін білім» туралы жаңа жобаны іске асыру.

Осы айтылғандардан басқа әлем­дік экономикадағы ахуалды ескере отырып ел экономикасын ынталандыру мақсатында Үкімет қосымша жедел шараларды қолға алатын болады. Олар шағын және орта бизнесті қолдау, АӨК жобаларын іске асыруды жеделдету, мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының индустриялық жобаларын іске асыру, әлеуметтік тұрақтылық және жұмыспен қамтуды қолдау шаралары.

Осы мақсаттарға, яғни шағын және орта бизнесті дамыту үшін 2016 жылы 65 млрд. теңге кредит беру көзделген. Сондай-ақ, халықтың тұрғын үйге қолжетімділік деңгейін арттыру үшін 2016-2018 жылдары жалға берілетін алаңы 817 мың шаршы метрді немесе шамамен 13600 пәтер тұрғын үй салу және оны сатып алу қамтамасыз етілетін болады.

АӨК жобаларын іске асыруды жеделдету үшін, 2016-2018 жылдары 153 млрд. теңге сомасына ХҚҰ қарыздары мемлекеттік кепілдіктермен тартылатын болады және «ҚазАгро» ауыл шаруашылығы өнімдерін, ең алдымен, ет пен сүт өндіру және өңдеу жөніндегі басым инвестициялық жобаларын іске асыру мақсатында 2016-2018 жылдары 300,7 млрд. теңге сомасына мемлекеттік кепілдік беру көзделген.

– Әңгімеңізге рахмет, Жаңа жыл құтты болсын.

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Оқылды 26843 рет
Осы категориядағы басқа материалдар: « ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМІНДЕ ҚАНДАЙ СЫР БАР?

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту