Қазна Аймағамбетова

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Қазна Аймағамбетова 1936 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауылында дүниеге келген. 1953-57 жылдар арасында Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының география факультетін үздік тамамдады.

1960-1980 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, ал (1970-1980) жылдар аралығында он жыл бойы «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш сынып» бөлімінің меңгерушілігімен қоса, төрт жыл бойы Алматыдағы №2 мектеп-интернаттың бастауыш сынып мұғалімі жұмысын атқарды.

1968 жылдан бастап Республикада ең алғашқы қазақ тілінде 2- сыныпқа арналған «Табиғаттану» оқулығының  авторы. 1-4 сыныптарға арналған «Табиғаттану», «Дүниетану», «Айналамен таныстыру», «Қоршаған орта» т.б. аттармен жарық көрген жаңа буын оқулықтары (авторлар бірлестігінде және жеке) 43 жыл бойы Қазақстан мектептерінің қолдануында болып келеді.

1970 жылы Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық институттың диссертация қорғау Кеңесінде «Бастауыш кластарда Қазақстан тірі табиғатын оқыту» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

1980 жылдан берi Қазақтың мемлекеттiк қыздар педагогика институтында, қазіргі таңда университетте қызмет атқаруда.

1980-1984 жылдары «Мектепке дейiнгi педагогика» кафедрасында доцент, 1984-2001 жылдар аралығында 17 жыл бойы «Мектепке дейiнгi тәрбие және бастауыш білім» факультетiнiң деканы.

2001-2010 жылдар аралығында «Мектепке дейiнгi тәрбие және бастауыш бiлiм» кафедрасының меңгерушiсi. Қазіргі таңда осы кафедраның профессоры қызметін атқарады.

1997 жылы «Бастауыш сыныптағы дүниетануды оқытудың теориялық және әдістемелік негізі» тақырыбында Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық институтының диссертациялық Кеңесінде докторлық диссертация қорғады.

Ғылыми зерттеу жұмыстарының бағыттары: бастауыш буында білім берудің әдістемесін және оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерін жетілдіру мәселелерi; жоғары білім берудің әдістемесін жасау; студенттерге арналған оқулықтар мен көмекші оқу құралдарын жасап, жас өспірімдерді білім беруге керекті оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету.

2003-2004 оқу жылынан бастап орта бiлiм реформасына байланысты Республика бойынша 12 жылдық мектептiң бастауыш сыныптарына арналған «Мемлекеттік міндетті білім стандартын», «Қоршаған дүние» байқау оқулықтарын (1-4сыныптарға) және оқу-әдiстемелiк құралдарын дайындау мәселесiмен шұғылдану тобының құрамында жұмыс атқаруда.

2004 жылы «Бастауышта дүниетануды оқытудың теориялық негiздерi» атты монографиялық еңбегі баспадан шығып (10 б.т.), Қазақстандағы бүкіл бастауыш сынып мамандарын дайындайтын оқу орындарында қолдануға еніп отыр.

2006 жылы студенттерге арналған «Дүниетануды оқытудың теориясы мен технологиясы» (16 баспа табақ) атты оқулық пен «Дүниетану негіздері және дүниетануды оқытудың теориясы мен технологиясы» (24 баспа табақ) атты оқу құралы жарық көрді. Бұл оқулықтар мен оқу құралдары да бұрын соңды мемлекеттік тілде болмаған еңбектер.

Профессор Қ.Аймағамбетованың басшылығымен 30 педагогика ғылымының кандидаттары, 3 ғылым докторы дайындалды. Профессор алыс- жақын шетелдерде болып, конференцияларға қатысып, өз тәжірибесін ортаға салады. Венгр халық республикасы, Болгария, Моңғолия және Оңтүстік Кореяның мектептері мен жоғары оқу орындарында дәрістер оқыды.

Қазақстан  мектептерінің бастауыш сынып мұғалімдерімен жиі кездесіп тұратын, танымал педагог-әдіскер. «Мектепке дейінгі және бастауыш білім» кафедрасының оқытушы ларының  ғылыми дәрежелері Қ.Аймағамбетованың кафедра меңгерген кездерінде тікелей басшылық етуінің нәтижесінде  жыл сайын өсіп, қазіргі таңда олардың 90 пайызы ғылыми атаққа ие болп отыр.

Ұлағатты ұстаз дәрістерін студенттер мен магистранттар қауымы қызығушылықпен тыңдайды. Себебі, сабақта көрнекіліктер, техникалық құралдар, модульдік және сын тұрғысынан ойлау технологияларын қолдану кең орын алады. Қ. Аймағамбетова екі рет Халық ағарту ісінің үздігі белгісінің, Ы.Алтынсарин медалінің, Ғылымға сіңірген еңбегі үшін белгісінің, ССРО оқу министрлігінің Мақтау грамотасының, Құрмет орденінің және 2005 жылғы Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы грантының иегері.

Қазна Аймағамбетова 1998- 2011 жылдар аралығында Қазақтың Абай атындағы Ұлттық университетінің математика-биология пәндері әдістемесі бойынша докторлық қорғау Кеңесінің мүшесі болды.

Қазіргі таңда Қ.Аймағамбетованың авторлығымен 200 ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік кешендер, жоғары оқу орындары мен мектепке арналған оқулықтар жарық көріп отыр. Қазақстан мектептері Қ.Аймағамбетованың авторлар бірлестігінде және жеке дайындаған бастауыш сыныптарға арнаған оқулықтары мен оқу әдістемелік құралдарын 1968 жылдан бері тиімді пайдаланып келеді.

Content 2
Content 3

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту