Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызы

ДерекнамаМақалаларСуреттер

Педагогика ғылымдарының кандидаты Нөкетаева Динар Жүсіпәліқызы 1964 жылы 4 қарашада Алматы облысы, Алакөл ауданы, Арқарлы ауылында дүниеге келген. 1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін химия мамандығы бойынша бітіріп, химия пәнінің оқытушысы біліктілігін алып шықты. Әкесі Жүсіпәлі Нөкетаев Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұңғыш әкімі өмірінің көп жылдарын мемлекеттік қызметке арнаған. Өзінің алғырлығымен танылып, 26 жасында совхоз директоры лауазымына тағайындалған. Сондай-ақ, «Дегерес» жылқы заводының директоры, халық депутаттары аудандық Кеңесінің төрағасы, облыстық кеңестің депутаты, т.б. басшылық қызметтерін атқарған. Анасы Алмагүл педагог болған.

Университетті тәмамдағаннан кейін Динар Жүсіпәліқызы еңбек жолын білім беру жүйесінің алғашқы сатысын Алматы облысы, М.Түймебаев атындағы совхоз бала-бақшасында 1986-1988 жылдар аралығында тәрбиеші болып жұмыс атқарудан бастады. Ал 1988-1990 жылдарда Алматы облысы, Іле ауданы, Ащыбұлақ ауылының және Алматы облысы, Жамбыл ауданы орта мектептерінде  химия пәнінің мұғалімі болды.

Динар Жүсіпәліқызының еңбек жолы 1992 жылдан бастап мемлекеттік қызметте жалғасын тапты. 1992 жылдан 1994 жылға дейін ол Алматы облысы, Жамбыл ауданының аудандық атқару комитеті жанындағы жастар ісі жөніндегі комитетінде инспектор және Алматы облысы, Жамбыл аудандық халық депутаттары кеңесінде аға референт  болып жемісті қызмет атқарды.  Өзінің еңбекқорлығымен көзге түскен Динар Нөкетаева 1994 жылы Жамбыл аудандық әкімшілігінде алдымен референт болып, содан кейін Алматы облысы Жамбыл аудандық маслихатында жетекші маман болды. Ал, 1999 жылы Динар Жүсіпәліқызына үлкен сенім білдіріліп, ол Алматы облысы Жамбыл аудандық маслихатының хатшысы лауазымына тағайындалды. Д.Нөкетаеваның  жылдар бойғы еңбегі аудан халқы тарапынан бағаланып, 2004 жылдың қазан айында №17 бірмандатты сайлау округінен Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің  III-шақырылым депутаты болып сайланды. 2007 жылдан бастап «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV-шақырылым депутаты болып сайланды. 2009 жылы
Динар Жүсіпәліқызының депутаттық тәжірибесі мен жетекшілік қабілеттері әріптестері тарапынан ескеріліп, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы болып сайланды. Д. Нөкетаева аталмыш комитетті басқару кезінде әлеуметтік-мәдени даму саласында заңнамаларды жетілдіру және ондағы олқылықтарды жою, сондай-ақ оның нормаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру сияқты ауқымды жұмыстар жүргізілді. Әсіресе Динар Жүсіпәліқызының жетекшілік еткен жұмыс топтарының бастамашылығымен еңбек қатынастарында гендерлік теңдік кепілдіктерін қамтамасыз етуге, қоғам өмірінің барлық салаларында әйел мәртебесін көтеруде жәрдемдесуге, қоғамдық санада әйелдер мен еркектердің тең құқықтарын, әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бағытталған «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең  мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленіп, қабылданды. Динар Жүсіпәліқызы жетекшілік еткен жұмыс топтары заң шығармашылық қызметте үлкен еңбек етті. Солардың бірі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің өмірге келуі. Динар Жүсіпәліқызы осы кодекстің қабылдануына бар мүмкіндігін аямады. Кодекс глоссариі кеңейтіліп, «ерлі-зайыптылық», «әкесін, әкелігін анықтау», «суррогат ана», «қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар», «аккредиттеу», «ұл (қыз) асырап алу жөніндегі агенттіктер» деген ұғымдар енгізілді, «патронат (қабылдайтын отбасы)», «тастанды бала», «жетім балалар (бала)» және «суррогат ана болу» деген ұғымдарға жаңа айқындамалар берілді. Ұл (қыз) асырап алу жөніндегі тарау елеулі түрде қайта өңделді, ұл (қыз) асырап алушының құқықтары мен міндеттері және ұл (қыз) асырап алу тәртібі бөлігінде жаңа нормалар қабылданды, ұл (қыз) асырап алудың күшін  жою жөніндегі негіздер кеңейтілді. Сол сияқты кодекс отбасы мен баланың мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар жаңалықтарды көздеді, атап айтқанда, ол - заңмен қорғалатын, азаматтардың жеке және отбасы өмірінің құпиясын көздейтін жағдайлар.

2011 жылдың 20 қыркүйегінде Д.Нөкетаева Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың бұйрығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры болып тағайындалды. Динар Жүсіпәліқызы басшылық етіп отырған Қыздар университеті қазіргі таңда білім және ғылым, тәрбие салалары бойынша алдыңғы қатарлы озық оқу орындарының қатарына еніп, әлемдік білім кеңістігінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Парасатты қыздар мектебінде білім алып жатқан қаракөз қыздарға аналық махаббаты мен ұстаздық мейірін төгіп, университет имиджі үшін аянбай еңбек етуде. Динар Жүсіпәліқызы университет оқу үдерісін ақпараттық қамтамасыз ету үшін жаңа WiFi желісін орнатуға ықпал етіп, Web-технологияларды, Интернет ресурстарын толық қолдануға, кітапхана сайтын жандандыру жұмыстарын қолға алды. Қазіргі таңда университететтегі білім беру үдерісі толықтай «Универ» жүйесі арқылы басқарылады. Университет педагогикалық қызметкерлері мен білім алушыларының академиялық ұтқырлықпен шетелдік және республикалық жоғары оқу орындарында білім алмасуы жүйеленген. Университетіміздің жаһандану заманында ұлы көшке ілесуі университет ұжымы мен білім алушыларымыздың мақтанышына айналып отыр.

Қазақ дәстүрінің жанашыры Динар Жүсіпәліқызы қоғам өмірінің негізгі салаларында да өзінің салмақты үлесін аянбай қосып отырады. Қазақстан Республикасындағы гендер саясатының дамуы үшін елеулі еңбек етуде. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның беделді мүшесі. Сонымен қатар «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласы филиалы саяси кеңесінің мүшесі. Істелген еңбектері мемлекет тарапынан бағаланып, «Құрмет» орденімен (2007ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001ж.), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006ж.), «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» (2005ж.) медальдарымен марапатталған.

Content 2
dsc_1241-285x189
img_5608-285x191
img_6708-285x428

Пікірлер  

# Назира 2016-01-27 16:11
Қыздар университетінде материалды-техникалық база жаңаланып, білім беру және тәрбие саласы бойынша көптеген игі шаралар жасалуда. Профессор-оқытушылар да еліміздің білім беру саласының өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Динар Жүсіпәліқызының оқу орнымыздағы игі бастамалардың ұйытқысына айналып, қаракөз қыздарымыздың жанашыры бола білгені қуанышты жайт.
Жауап беру | Дәйкесөзмен жауап беру | Дәйексөз

Пікір білдіру

Security code
Жаңарту